Әйелдердің зейнет жасы өзгерді. Енді олар 2028 жылға дейін 61 жасында шыға алады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Онда бірнеше бағыттарға басымдық беріліп, түйіткілді мәселелерге ден қойылды. Сондай ақ, қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады. Президент тағы қандай мәселелерді қарап, жаңашылдықтар енгізді? Тілші жалғастырсын.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жиналған қаржы кәмелет жасына толғаннан кейін баспана немесе білім алуға жұмсалынады. Жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге аспақ. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдау аясында тоқталған тақырыптарының бір парасы ғана. Ал бала күтімі бойынша төлемдер 1 жарым жылға дейін ұзартылды.
ҚАСЫМ – ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ - Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керек. Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді.
Жолдауда ел арасында қызу талқыға түскен тағы бірнеше мәселелер жайы сөз болды. Ең төменгі жалақы көлемі 70 мың теңгеге өседі. Бұл 2 миллионға жуық азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді. Яғни айлық табысы артады. Жалпы енді мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізіп, оның мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтады. Сонымен қатар, әлеуметтік сұранысты ескере отырып, зейнеткерлік жасын белгіледі. Яғни, 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас болып белгіленді.
ҚАСЫМ – ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ – Аударма: Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Ал әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз.
Биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Мемлекет басшысы Президент өкілеттігі мерзімдерінің ұзақтығын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Яғни, мандат ұзақтығы 7 жылға және бір мерзімге ғана сайлана алады. Екінші рет үміткер бола алмайды. Нәтижесінде, 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың барлығы жаңарады. Сондай ақ, елге заңсыз көлік жеткізушілерге қарсы шараларды күшейтуді, балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеруді тапсырды. Ал, қаңтар қақтығысындағы азаматтарға бір ретттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылданды.