СҚО-да трактор айдап 1 000 000 теңге жалақы алуға болады. Себебі, ауыл шаруашылық техникаларын басқаратын жұмысшылар жоқтың қасы. Ордабасы ауданынан түстікке қоныс аударған Мәди Задаев сөзімізге дәлел. Кейбір министрлерден жоғары жалақы алатын трактор жүргізушісі теріскейге көшкеніме ешқашан өкінген емеспін дейді. Тақырыпты тілшіміз Алтынбек Әмит тарқатады.
Мәди Задаев солтүстіктің ұлы көшіне ілесіп кеткендердің бірі. 2021 жылы Ғ.Мүсірепов ауданына қоныстанған. Оңтүстіктен көшуге ең әуелі баспана мәселесі себеп болыпты. Мұнда келіп тегін үйге жайғасқан ол, қуанышымда шек жоқ деп отыр.
МӘДИ ЗАДАЕВ – Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Үш балам бар. Біреуі мектепке, біреуі балабақшаға барады. Кішкентайымыз жақында дүниеге келді. Келе сала мал алдық. Жем шөп тегін...
Мәди көшіп келген күннен бастап жеке шаруашылықта механизатор болып қызметке кіріскен. Жалақысы тұрақты әрі жоғары. Тіпті, егін жинау науқанында айлық еңбекақымыз бір миллион теңгеден асып кетеді дейді ол.
МӘДИ ЗАДАЕВ – Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Техникаларының барлығы жаңа. Шет елден әкелінген. Мен жұмысқа орналасқаным жақында ғана болғандықтан әзірге жаңа техниканың басқарғаным жоқ.
Солтүстік қазақстан облысы елімізде ауыл шаруашылық саласы бойынша алдыңғы қатарда тұрған өңірлердің бірі. Топырағы құнарлы болғандықтан егіншілікпен айналысу ұтымды кәсіп. Бірақ, жұмыс күші тапшы. Сондықтан да оңтүстіктен қарағанда мұнда жалақы көлемі едәуір көп.
СЕРІК ТӘТТІБАЙҰЛЫ – «АҚСЕЛЕУ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ - Бізге механизаторлар мен ИТ-мамандар көптеп қажет. Жұмыс істеймін деп келген жандарға мемлекеттен бөлек ЖШС атынанда үлкен көмектер жасаймыз...
Солтүстік тұрғындары үшін кез-келген кәсіпті дөңгелетіп кетуге мүмкіндік көп. Тек іске икеміңіз болса жеткілікті. Сондықтан қандай да бір кәсіп ашуды көздеп жүрген болсаңыз бұл өңір сізге үлкен жеңілдіктер жасауға дайын.