Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуден 1900-ден астам ғана талапкер 120-дан жоғары балл жинаған. Ал тестілеуге қатысқан талапкерлердің саны 145 мыңнан асады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның сөзінше, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру ережесін бұзған 1 226 талапкердің нәтижесі жойылған. Олардың көпшілігі жасырын камера, шағын құлаққап, шоколад орамасына смартфон алып кірмек болыпты. Жалпы Ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы нәтижесі тамыз айында белгілі болады екен. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, барлық бейнежазбалар осы жылғы 25 тамызға дейін талдаудан өтеді. Осы уақытта талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу нәтижелері жойылатын болады және білім беру грантын тағайындау шешімінің де күші жойылады.