Түркістан облысында отандық өнім көбейіп келеді. Мәселен, Мақтаарал ауданы, Көкпарсай ауылының тұрғыны Айнұр Түктібаева аудан базарларына өз қолынан шыққан көрпелерін жеткізіп отыр. Алғашында мемлекеттен несие алып жұмсақ ойыншық тігіп бастаған көпбалалы ана кейіннен көрпе тігуді де қолға алып кәсібін кеңейтіпті.
Айнұр Түктібаева осы уақытқа дейін мыңнан аса жұмсақ ойыншық тіккен. Әлі де тұтынушыларының сұранысы бойынша тапсырыс алады. Әу баста мемлекеттен қолдау тауып бір тігін машинасын алған екен. Уақыт өте келе 4% жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейткен.
АЙНҰР ТҮКТІБАЕВА - ТІГІНШІ - Біздің Қазақстанда өзіміздің өнім болсын. Әрбір бүлдіршін өзіміздің отандық өніммен ойнасын, сапалы, балалардың денсаулығына зияны жоқ ойыншықпен ойнасын деген ой келді.
Іскер келіншек бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2 тігіншінің жалақысын мемлекет төлесе, қалған шеберлерді Айнұр өз қалтасынан қаржыландырады екен. Көпбалалы ананың балалары да анасына қолғабыс ететін көрінеді. Соңғы 4 жылда тігіншілікті жанына серік еткен шебер бұл іс үлкен шыдамдылықты талап етеді дейді.
АЙНҰР ТҮКТІБАЕВА – ТІГІНШІ - Бірінші біз құлағынан бастаймыз. Құлақ астары тігіледі, сосын мына мұрнын тігіп аламыз. Сыртқы деталі, ішкі деталі. Кейін бас жалғанады. 1 сағатта кішкентайдан онын тігуге болады.
Айнұрдың қолынан көрпе мен жұмсақ ойыншықтың түр-түрі шығады. Көлемімен көрпе бетіне қолданылған оюлары да, құрақтары да сан алуан. Есесіне, пайдасы да жаман емес. Аптасына 200-300 мың теңгеге тапсырыс орындайды екен.