Биыл Шардара ауданы халқының 90 пайызы табиғи газбен қамтылады. Қазірдің өзінде шалғайдағы 44 мың тұрғын көгілдір отын тұтынып отыр екен. Бұл аудан жұртының тең жарымы. Көрсеткішті жақсарту үшін өңірде қазір қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Үміткүл Бақытжанқызы Шардара қаласындағы Өтеғұл шағын ауданында тұрады. Қала тұрғыны деген аты ғана болмаса, осыған дейін ауылдағыдай от жағып күл шығарып келіпті. Әдетте қыстан тоңбай шығу үшін көмірдің өзіне жарты миллион теңгедей жұмсайды екен. Енді міне көгілдір отынға қол жеткізген үйдің отанасы жүгінің жеңілдеп, шығынының азайғанына дән риза.
ҮМІТКҮЛ БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ – ШАРДАРА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «15 тоннаға дейін кететін көмір. Қазір ол есеппен 400 мың теңгенің шамасы. Қазір газ келгелі сол уақытқа 128-130 мың теңге құйдық. Күл шығармаймыз, үйіміз бір келкі жылы. Ал, көмір жаққанда өшкенше жылы болып тұратын. Қазір рахат»
Шардара ауданын газбен қамту ісі 2018 жылдын қарқын алды. Алғашқы жылы өңірдің бар болғаны 17 пайызы ғана көгілдір отынмен қамтылды. Бұл дегеніміз 13 мың ғана тұрғын. Араға 4 жыл салып бұл көрсеткіш еселеп өсті. Қазірде 43 мыңнан астам тұрғын, яғни аудан халқының тең жарымына табиғи газ берілген. Ол үшін қуаттылығы 50 мың нанометр жаңа газ тарату станциясы салынған.
МҰХТАРХАН УТЕНОВ – ШАРДАРА АУДАНДЫҚ ТҰРРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Бүгінгі таңда Шардара қаласын газдандыру үшін 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстары басталды. Жаңа нысандар.Олар Мелдеби Қанай датқа, Абай, Қызылжар шағын аудандары.... табиғи газбен қамту бойынша құрылыс жұмыстары басталды»
Жұмыстарды атқару үшін мемлекеттік бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. Осының қорытындысы бойынша жыл соңында Шардара ауданының газбен қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді деп жоспарланған.