Биыл Түркістан облысында мал азығынан тапшылық болмайды. Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбай Оспановтың айтуынша, биыл ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты 1,5 жылға жететін мал азығы қорымен қамтуға мүмкіндік бар.
ТҰРҒАНБАЙ ОСПАНОВ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бүгінгі күнге мал басына қажетті азық 4,1 млн. тонна мал азығы 100% жиналған. Атап айтсақ, 289,9 мың тонна сабан, 109 тонна пішендеме (сенаж), 1,8 млн. тонна табиғи шөп, 1,8 млн. тонна жоңышқа, 6,5 мың тонна сүрлем жиналып үлгерген. Оған қосымша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдіктеріне 1 млн. тонна азықтық қорды қалыптастыру жоспары ұсынылған. Жалпы қыстату науқанына дейін 5,1 млн. тонна мал азығы жиналатын болады».
Малазықтық шөптер биыл шаруаларға тиімді бағада сатылуда. мәселен жоңышқаны егістік алқаптан өзіңіз алып кетер болсаңыз - 350-400 теңге, дайыны 600-700 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр 1200-1500 теңге аралығында саудаланған болатын. Облыстағы мал басына қажетті азықтық жем көлемі 784 мың тоннаны құрайды. Оның 82%-ы облыста өндірілген дақылдар есебінен қамтылады. Бұдан бөлек, облысқа бөлінген 34 мың тонна бидайдан алынатын 9 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылып жатыр. Бүгінде 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылған.