Түркістан
EN

Мал ұрлығымен айналысқан әкесі мен баласы ұсталды

198
23.08.2022

Әкесі мен ұлы мал ұрлаумен айналысқан. Оқиға Сарыағаш ауданында болған. Рейдтік шара кезінде Тасқұдық ауылының жайылымдық жерінде түнгі уақытта жүрген күмәнді Газель көлігі полицейлердің назарына ілінген. Тексеру кезінде полицейлер мал ұрлығы қылмысының үстінен түсті. Әккі ұрылар өзгенің сиырын ұрламақ болып, аяқтарын байлап, көлікке тиеп жатыр екен. Тәртіп сақшылары мал ұрыларын полиция бөліміне жеткізді. Күдікті екеу Қазығұрт ауданының тұрғындары, әкесі мен ұлы болып шықты. Ал егде жастағы ер адам бұрын да дәл осындай қылмыс жасап бірнеше рет сотты болған екен. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ДӘУЛЕТ ТӨРЕТАЙҰЛЫ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: "Жалпы алғанда мал ұрлығын жасаған екеу жәбірленушілердің 28 бас ірі қара малдарын ұрлап, 6,5 миллион теңгеге залал келтірген. Яғни күдікті әкелі-балалы түнгі уақыттарда Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында жайылымда қараусыз жүрген ірі қара үй жануарларын діттеп, өздерінің «Газель» маркалы жүк көліктеріне санаулы минуттар ішінде тиеп әкетіп отырған. Содан соң олжалаған малдарды Шымкент қаласындағы  мал базарлардың бірінде сатып, пайда тапқан. Сақшылар тиянақты тексеру кезінде күдіктілердің қылмыс бойынша іздерін жасыру мақсатында ерекше тәсіл қолданғанын білді.Қазіргі таңда ұсталған екеу қамауда. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде".