Түркістан
EN

Түркістанда "Ашық аспан" демалыс аймағы ашылды

125
23.08.2022

Түркістанда «Ашық аспан» демалыс аймағы ашылды. Қала орталығында бой көтерген нысанның ұзындығы 67 метр. Жаңа демалыс орталығы пандемия кезінде салынған еді. Десе де ресми лентасының қиылуы кейінге қалдырылып келген болатын.  

«Ашық аспан» демалыс аумағы «Балалар жылында» бүлдіршіндерге  үлкен сыйлық болды. Себебі ашылу күнінің өзінде мұнда  келген балалар қарасы қалың. Одан қала берді, жазы ұзаққа созылатын Түркістан қаласы үшін бұл нысанның маңызы зор. 

МАВЛЮДА АНАРБАЕВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ - Бүгін ашық аспан паркіне келдік. Бұл жер бізге өте қатты ұнады. Бұл жерде өте қызықты әрі әдемі табиғаты да өте керемет. Біз бұл жерден өте көп затты көрдік, ойнадық. 

БЕХРУС АБДРАХМАНОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ - Осы бассейннің ашылғанына өте қуаныштымыз. Осылай көп-көп ашыла берсін. Достарымызбен жүзуге келген едік. Ұнады, жақсы.

Жаңа демалыс орталығының ашылуына өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев те қатысты. Облыс әкімі Түркістанда су тапшы. Соған қарамастан тұрғындардың демалуына жағдай жасау керектігін жеткізді. Бүгінде барлық саябақтарда жасанды көлдер барын атап өткен ол, мұның барлығы климатты жақсартуға жасалынып отырған жағдай деді. 

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ –  ТҮРКІСТАН  ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ - Келешекте әр кварталда кішігірім көл ашамыз деген жоспарымыз бар. Оған суды қайдан алатынмызы есептеулі. Бүгінгі нысан да қуанышты сәт деп ойлаймын әсіресе балаларға. Барлық азаматтар Түркияға басқа шет елге бара алмайды балдарын алып барып шомылдыруға болмаса басқа өңірге бара алмайды. Мына жерде қолжетімді қаламыздың ішінде. 

Тереңдігі 1 жарым метрлік бассейн бір мезгілде 200 адамды қабылдай алады. Балалар арналған шомылу орындары да бар. Судың тазалығы үшін  арнайы сүзгілер де қарастырылған. Айта кетейік, мұнда алдағы уақытта  дәмхана мен мейрамханалар да салынады деп жоспарланып отыр.