Енді киім мен қағаздың құны өсуі мүмкін. Өйткені, әлемде мақта бағасы 30 пайызға қымбаттады. Ал, Түркістан облысында да ақ ұлпаның бағасы 400-теңгеге жетеді деген болжам бар. Биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Жалпы 345 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланып отыр. Өңірдегі егістік алқаптарында жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Айта кетейік, былтыр ғана ақ алтынның бір келісі 320-380 теңге аралығында болған. Әлемдегі қымбатшылықты мамандар құрғақшылық пен күннің жылуымен байланыстырады. Осыдан болса керек, биыл дүниежүзінде 5 миллиондай гектар жерге мақта егілсе, соның тек жартысынан ғана өнім алынған. Ақ алтын өндіруден көшбасшы саналатын Үндістанның өзі мақтаны шет елдерден алуға мәжбүр. Дәл осындай қиындық АҚШ пен Бразилияда да байқалады.