Түркістан телеарнасындағы тағы бір тың жоба."Түркістанды көргім келеді" байқауының жеңімпаздары рухани астанаға табан тіреді.Саяхатшылардың бірі Түркиядан жетсе, ендігісі көршілес Өзбекстан елінің азаматы.Маңғаз Маңғыстаудың да тумасы бар араларында.Олардың барлығын ортақтастыратыны киелі мекенге тегін келіп, тегін қыдырады. Жатын орынға да ақы төлемейді.Арнамыздың түсірілім тобы жоба жеңімпаздарын қарсы алып, олардың алғашқы әсерлерін көріп қайтқан болатын.
Бұндай жоба Түркістанда бұрын-соңды болмаған. Риксос қонақ үйі мен Флай арыстан әуе компаниясы Түркістан телеарнасының бастамасын қолдап, бірнеше ай бойы қатысушылар іріктелген жоба қорытындыланды. Ұшақпен тегін келіп, 5 жұлдызды қонақ үйге тегін орналасқан жоба жеңімпаздары бұған біразға дейін сене алмай жүрді. Арасында Әуежайдан түскенде ғана жоба жеңімпазы екенін түсінгендер де бар. Сондай азаматтардың бірі Елордадан келген Алмат Игілік.
Жеңімпаздар қатарында Бәйдібек ауданынан Мағжан Болатбекұлы, Өзбекстаннан Фурхатжон Бегматов және Түркиядан келген отандасымыз Рақымжан Қалдыкөз де бар. Әсіресе, маңғаз Маңғыстаудың тумасы Гүлнәр Разуанова көңіл күйі өзгеше. Ол әр тасын түртсең тарихы сөйлейтін Түркістанның киелі орындарын көруді бірнеше жылдан бері арман етіп жүр екен.
Ең алыстан келген қатысушы Рақымжан Қалдыкөз. Отандасымыз Стамбулдағы беделді оқу орындарының бірінде докторант. Курортты елде тұрып жатсам да, өз еліміздегі осындай кереметке жетпейді дейді ол.
Жоба жеңімпаздары Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бөлек, Арыстан баб кесенесін, көне Отырар қаласының орнын және Үкаш ата киелі мекенін көруге мүмкіндік алды. 5 мейманның сапары 16-ы тамызға дейін жалғаспақ.