Қостанайда жоғалған бес жасар қыздың денесі табылды

89
11.08.2022 04:01

Қостанайда жоғалып кеткен бес жастағы қыз өкінішке орай өлі табылды.  Бүлдіршін өзенге батып кеткен.  Марқұмның денесі өзі тұрған Жамбыл кентінен 3 шақырым жерден табылыпты. Ол дронның көмегімен анықталған. Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында 7 тамызда Мадина Ерланқызы үйінен шығып кетіп қайта оралмаған еді. Оны бірнеше адам байқап қалып, тіпті кейбірі бейнежазбаға да түсіріп алған. Алайда таң атпай көше кезген кішкентай қызды көрген ауыл тұрғындарының бірде-бірі барып мән-жайды білмеген. Іздеу жұмыстарына 500-ден астам полицей, тікұшақтар, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен шекарадағы әскери қызметкерлер жұмылдырылды. Мыңдаған адам қызды Жамбыл ауылына іргелес егістік алқаптардан іздеген болатын. Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков қазіргі кезде бүкіл тиісті сараптамалар белгіленіп, қорытындысы қосымша хабарланатынын айтты. 

ЕРЛАН ОМАРБЕКОВ - ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ - 10 тамыз күні іздеу жұмыстарының барысында Ерланқызы Мәдинаның денесі жасанды арнадан табылды. Бұл – үлкен трагедия. Облыс, республика тұрғындары, полиция қызметкерлерінің атынан марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Бәріміз баланы аман-есен табатынымызға соңына дейін сеніп, үміттеніп жүрдік. Алайда, жағдай басқаша болды.