Жаңа оқу жылында барлық мектепте педагогтер мен оқушылардың дене қызуын өлшеу шарасы енгізілуі мүмкін. Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова осылай дейді. Оның сөзінше, сондай-ақ барлық бұқаралық шараға да тыйым салынуы ықтимал. Сондықтан оқу жылына дейін білім ошақтарындағы санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауға басымдық берілмек. Эпидемиологиялық жағдайды ескерсек, жаппай оқытудың онлайн-форматына көшпейтін шығармыз. Бірақ бұл нақты емес. барлығы инфекцияның таралуына байланысты,- дейді Есмағамбетова. Айта кетейік, күні кеше үкімет отырысында денсаулық министрі жаңа болжам жариялаған еді. Оның айтуынша, тамыз айында вирус жұқтырғандардың саны күніне 4 мың адамға дейін барады.