Басыма пакет кигізіп, аяқ киімдерін сүрткізді. Тәртіп сақшыларынан қысым көрген Нұрболат Өмірбеков 7 ай бұрын арнамызға осындай шағымын айтқан болатын. Сауран аудандық полиция бөлімінде болған жағдай мекеменің бейнетаспасына басылып қалған.
Бұл Сауран аудандық полиция бөлімінде болған жағдай. Жеке бөлмеде азапталып жатқан Нұрболат Өмірбековтің дауысы дәлізді алып тұр. Бірақ, мұндай жанайхайға қызметкерлердің бойы үйреніп кеткен бе, әйтеуір ешқайсы жағдайды тоқтатуға тырыспайды.
Нұрболат Өмірбеков полиция ғимаратындағы бейнебақылау камерасының жазбасын Ішкі істер министрлігіне өтініш хат жолдап алған екен. Ол видеодан биыл 8 ақпан күні түнгі сағат 11-лер шамасында 35 жастағы тұрғынның полиция бөлімшесіне жеткізілгенін көруге болады. Нұрболат ол күндерді есім алсам төбе шашым тік тұрады дейді. Ең сорақысы азаптағандардың әлі күнге дейін пагон тағып тайраңдап жүргені екен.
НҰРБОЛАТ ӨМІРБЕКОВ – ЖӘБІРЛЕНУШІ - Мені ұрып соққандар әліде жұмыс орнында жүргені қынжылтады. Жасмаған қылмысты мойныма ілмек болғандар жаза арқаласа деймін.
Аталған жағдай бойынша қозғалған іспен қазірде антикор айналысып жатыр екен. Бірақ, нақты дәлелдер бола тұра агенттік әлі шешім шығармапты.
МҰРАТ ҚАБДЕНОВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ - «Сауран АПБ полицейлері күш көрсетті» деп арызданған 2 ер азаматтың шағымы сол уақытта бірден назарға алынған. Мен Өзіндік қауіпсіздік басқармасына тапсырма беріп, қызметкерлердің үстінен іс қозғалды. Осыдан соң ағымдағы жылдың ақпан айында қылмыстық іс заң талаптарына сәйкес Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданған. Бұл іс бойынша полиция тергеу жүргізбейді. Жәбірленушілер менің жеке қабылдауымда да болған. Оларға мән жайды, заңдылықты толық түсіндіргенмін. Полицияда мұндай қызметкерлердің жұмыс жасауына жол берілмейді. Заңсыздық орын алса, кез келген адамды қабылдап, тыңдап, мәселесін қарауға дайынмын.
Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған жайт бойынша тергеудің жүріп жатқанын мәлімдеді. Бірақ, жәбірленуші антикордың жұмысына күдікпен қараймын дейді. Себебі, осы күнге дейін полицейлердің ісін тергеушілер 3-4 рет ауысып үлгерген.
НҰРБОЛАТ ӨМІРБЕКОВ – ЖӘБІРЛЕНУШІ - Мен тек қана шындықты қалаймын. Егер әділ шешім шықпаса мен өз-өзімді бензин құйып өртеймін.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер Нұрболат Өмірбековтің мал ұрлығы бойынша күдікті болғанын, алайда қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты іс Қылмыстық процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес тоқтатылғанын мәлімдеді.