Азық-түлік қымбаттап кетті. Әсіресе әлеуметтік тауарлар құны күн өткен сайын шарықтап барады. Қазір қанттың бағасы 600 теңге. Түркістандық тұрғындар осылай дейді. Айтуларынша, базардан өзге, үй маңында орналасқан дүкендер ойына келген бағаны қояды. Тұрғындар өтінішінен соң жергілікті мамандар баға құнына қатысты мониторинг жүргізді. Мониторингтің маңызы неде? Одан қандай қорытынды шығады? Тілші тарқатсын.
Азық-түлік бағасын бағамдау мақсатында түрлі сала мамандары мониторинг жүргізді. Ондағы мақсат, тауар құнының шектік нормадан асып кетпеуін бақылау. Сондай ақ, жеке кәсіпкерлік нысан мен базар бағасын салыстыру.
ҒАППАР СӘРСЕНБАЕВ – «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ
Әкімшілктің қызметкерлерімен ақылдаса келе жоғары жаққа хат жазып, алдағы уақытта ұсыныстарымызды айтып, бағаны қаншалықты тұрақтандыру бойынша. Бұлар кәсіпкерлер ғой. Кәсіпкер болғаннан кейін көбіне бағаны өздері қойып жатады. Бірақ бағаны қолға алсақ деген ойдамыз. Ойда бар. Сол үшін ұсынстар айтуымыз керек.
Түркістан облысы бойынша әлеуметтік тауарларға қатысты шектік баға бекітілген. Мәселен, бірінші сұрыпты ұнның келісі– 145, картоп 141 болса қырыққабат 122 теңгеден саудалануы тиіс. Ал пияз 135, сәбіз 140 теңге. Сондай ақ, өсімдік майы – 650 болса қанттың құны 471 болып бекітілген. Ал үй маңында орналасқан дүкендерде баға бағамы басқаша.
НҰРЖАН ТӘЛІПОВ – ДҮКЕН ИЕСІ
Картоп бізде 195 теңгеден. Пияз 250 теңгеден. Яғни кейбір заттардың арзан немесе қымбат болуы ол біздің алатын бізге жеткізетін жеткізушілерге байланысты болады. кейде заттардың төмендеуі немесе қымбаттауы. Базардың өзі айнымалы да. Яғни бар заттың бағасы түсіп кетуі мүмкін. Жоқ зат көтеріліп кетуі мүмкін.
Мониторинг нәтижесінде Түркістан қаласындағы тауарлар құнына қатысты біршама өзгерістер байқалды. Мәселен, ұн мен картоп – 185, қырыққабаттың құны 150 теңге болса пияз – 160, сәбіз 155 теңгеден саудалануда. Ал өсімдік майы мен қанттың құнында да айырма бар. Мәселен, майдың бағасы 800 болса, қант 560 теңгеден сатылуда. Шекті бағадан асқан азық-түліктердің тізімін мониторингтік топ тиісті орындарға хабарлап, бағаны бір қалыпты ұстап тұру амалдарын жасамақ.