Қазығұрттық қариялар ұмыт қалған дәстүрлерді қайта жаңғыртып жүр. Олар 1950 жылдан қымыз жиынын өткізуді үрдіске айналдырыпты. Ақсақалдар бастаған бұл жиынның мақсаты ас ішіп, аяқ босату емес. Ел ішіндегі дау-дамайлар мен, ірілі-ұсақты мәселелерді шешу. Үлгілі мекеннің тынысы мен ертеден келе жатқан дәстүр жайлы тілші бейнематериалында.
Әр аптаның жексенбі күні қазығұрттық ауыл қариялары «Ардагерлер үйінің» қымызханасында бас қосады. Ақыл-кеңес өткізетін бұл үрдіс 1950 жылдан бері жалғасын тауып келеді. «Қымыз-жиыны» деп аталатын дәстүрде ақсақалдар ауыл ішіндегі ірілі-ұсақты мәселелерді шешеді. Өмір көрген қариялардың қалауымен бұл бастама әлі күнге дейін жалғасын табуда.
ТӘҢІРБЕРГЕН ҚҰРАЛБАЕВ - ЖАҢАБАЗАР ҚОҒАМДЫҚ АРДАГЕРЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ
Ол кезде дастарханның өзі жайқалып тұрған жағдайы жоқ. Құрт, майын, тоқашын, хаттамасын пісіріп, бірінің көршісі, бірінің інісі, әпшесі бауырлары, тапқанын әкеліп, ортаға жайып, алмасып отырған қымыз ішіп жүрген. Міне соның жалғасы, қазір міне 70 жылдан асып барады.
Дәстүрлі қымыз жиынына тек бір ауыл емес, Қазығұрт ауданына қарасты барлық ел азаматтары қатыса алады. Жиынға қатысушылардың жасына, руына, атақ-абыройына қарап бөлмейді. Барлығы бір үйдің баласындай қатар отырады.
КӘРІМБЕРДІ ҚАРСЫБАЕВ - АУДАН ТҰРҒЫНЫ
Қымызханаға қатысқаныма 2 жыл болды. Бұрындары келіп кетіп жүретінбіз. Бірақ мүше болғанымызға екі жыл болды. Қымызхана тарихын бұрыннан естіп жүргенбіз. Айтып жатыр 70 жылдан асып жатыр деп. 70 жыл деген екі ұрпақ ауысып, үшінші ұрпақ келді деген сөз. Бірінші ұрпақ 80 жылдары болса, екінші ұрпақ 10-15 жылдары болды, міне үшінші ұрпақ 80-70-ке кеп қария болып отыр.
Бүгінде 70 жылдан аса тарихы бар жиын мүшелігінде 55 ақсақал бар. Мұндағы қариялардың барлығы дерлік ел алдында абыройы бар, еңбегі сіңген азаматтар. Олар мәселерді шешу жолында жылдық жоспар құрып, іс-шара тізімін бекітеді.