Түркістан
EN

Шымкент ауруханасында 1 жасар бүлдіршін көз жұмды

264
28.07.2022

Шымкент ауруханасында 1 жасар бүлдіршін көз жұмды. Сәбидің анасы бауыр еті баласының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп отыр. Ал, ақ халаттылар болса «нәрестенің анасы өзі кінәлі» деп ат тонын ала қашуда. Дүниенің есігін кеше ғана ашқан балғын бөбектің өліміне кім кінәлі. Тақырыпты толығырақ тілшіміз тарқатады.

Мария Жанекеева жексенбі күні ұлының қызуы көтеріліп, ауырсынғанын байқаған соң дереу жедел жәрдем шақырған. Ауруханаға жеткізілген нәресте жағдайы ауыр болғандықтан жан сақтау бөліміне жатқызылыпты. Бірақ, қызуы көтеріліп түскен бүлдіршін кеше таңертең Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмған. Мария дені сау ұлының қазасы дәрігерлердің дұрыс диагноз қоя алмағандығынан деп отыр. 

МАРИЯ ЖАНЕКЕЕВА – МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ

Түнде мен баламды келіп емізгенмін. Ол кезде оның көңіл-күйі жақсы еді. Азанға дейін врачтар басқа бір аурудың диагнозын қойып менің баламды өлдірді. Менің рұқсатымсыз препараттар салды...

Жалғыз ұлынан айрылған ана суыт хабарды естігеннен бері көз жасын тия алмаған. Тіпті тамағы қарлығып, сөйлеуге шамасы жоқ. Оның ендігі талабы ұлына қандай дәрі салынғанына көз жеткізіп, сәби жатқан палатаның бейнебақылау камерасын қарау. 

МАРИЯ ЖАНЕКЕЕВА – МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ 

Жан сақтау бөлімінде науқастарға қандай дәрі салынғанын жазып отыратын дәптер бар. Соны көрсетсін. Бірақ, оныда өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан мен енді құзырлы органдарға жүгініп, бейнебақылау камерасын қараймын.

Ал, дәрігерлер болса марқұмның анасы емдеу жұмыстарына кедергі жасады деп отыр. Мария Жанекеева ұлына диагностика жасатудан  бас тартып, «аурухана қызметкерлеріне шағымым жоқ» деп қолхатта жазып беріпті. 

МҰРАТ АГАБАЕВ - ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 

Науқасы бізге дейін 4 күн ауырған. Жеке клиникада емделген. Сол жақта «судрг» ұстап бізге келген. Анасы диагностика жасау үшін «катетрге» үлкен тамырға салатын тексеріске рұқсат бермеді...

Айта кетейік, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана бала өлімін тоқтату керек деп тапсырма берген болатын. 

Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет. Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп.

Бауыр еті баласынан көз жазып қалу кімге болсада ауыр тиетіні анық. Ал, қылығы енді ғана шыға бастаған сәбиінен айрылған Марияның арызы құзырлы органдарға жолданып, кінәлілерді сот анықтайды.