Түркістан
EN

Аманат партиясының көшпелі қабылдауы өтті

142
26.07.2022

600 орындық мектепте мыңнан аса оқушы білім алуға мәжбүр. Бұл Сайрам ауданы Жібек Жолы ауылының тұрғындарын 5 жылдан бері алаңдатып келген мәселе. Жан айқайларын жергілікті билікке бірнеше рет айтып барыпты. Бірақ нәтиже жоқ. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Балтабай Қуанышов  Жібек Жолы ауылының тұрғыны. Балалары мен немерелері дұрыс білім ала алмай жүргеніне налиды. Себебі, салынғанына елу жылдан асқан ескі мектеп үш ауысымда оқытады. Сыныптар тар болғандықтан оқушылардың демі тарылып, түрлі ауруға шалдығады екен.

БАЛТАБАЙ ҚУАНЫШОВ – ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 

Қазір әр бастықтың кабинетінде салықындатқыш бар. Бір ғана адамға арналған ол. Ал, мұнда жиырма балаға арналған сыныпта қырық, отыз балаға арналған сыныпта елу бала білім алуда. Ешқандай салқындатқызшыз. Одан кейін қалай оқушының өкпесі қысылмайды?...

Балтабай ақсақал мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін айтады. Жаңа мектеп салып беруін өтініп, баспаған тауы, қақпаған есігі қалмапты. Жергілікті биліктен нақты жауап болмаған соң, қария «Аманат» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауына келген. Мамандар жағдайды назарға алып, 1-2 жылда жаңа мектеп құрылысын бастаймыз деп уәде берді.

НҰРЖАН НҰРЛЫБАЕВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫ ОРЫНБАСАРЫ 

Біз бұл мәселеден хабардармыз. Сайрам ауданындағы Ә.Бөкейханов мектебіне қосымша ғимарат салу жоспарланып отыр. Ол, 2023-2025 жылдың бюджетімен, кезек-кезеңімен аяқталатын болады.

Партияның қоғамдық қабылдауында мектеп проблемасынан бөлек 100-ге тарта тұрғынның мәселесі оңынан шешілді. Нақты жауап пен халықты алаңдатқан сұрақтарды шешу үшін, мобильді құрамға облыстық басқармалар мен департаменттің арнайы мамандары енгізілген.

АЗАМАТ ДУЛАТҰЛЫ – «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 

Біздің сайлауалды бағдарламамыз бойынша екі ауысымдық мектептерді нөлге жеткізу көзделген. Осы тұста Сайрам ауданындағы мектеп туралы мәселе біздің басты назарға алынды. Жақын арада шешімін табатын болады...

Бүгінде партия жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қазірге дейін 600-ге жуық мобильді қоғамдық қабылдау өткізген.