Еліміздегі жайылым жердің жетіспеуі қолдан жасалған әрекет. Бұл бас прокуратураның қорытындысы. Құзырлы орган соңғы 3 жылда 18 млн гектар игерілусіз қалған жерді анықтап, тағы 5 млн гектар заңсыз берілген жайылымды мемлекет меншігіне қайтарыпты. Ал 4 млн гектар алқап шын мұқтаждарға қайта берілген. Қадағалаушы орган өкілдері бай-бағландардың гектар-гектар аумақты еншілеп алып, оны игере алмаса да, уысында ұстап отырғанын айтып отыр. Мәселен, Түркістан облысы Бейнеткеш ауылының халқы 5 мыңға жуық мал басын қайда бағарын білмей дал. Айтуларынша бұған дейін пайдаланып келген 50 гектар жайылымдық жер жекеге сатылып кеткен.
Түркістан облысы Бейнеткеш ауылының тұрғындары жиған малымыз арам қата ма деп қорқады. Айтуларынша, онсыз да азын-аулақ жайылымдық жердің 50 гектарын бай-бағландар меншіктеп алған. Әділдікті талап етіп, талай жердің табалдырығын тоздырдық деп отыр халық. Алайда одан қайыр болмапты.
ИМАНТАЙ ШАКУЛОВ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Мынау Төлеби ауданының әкімшілігі ешқандай немқұрайлы қарап жүр. Біз атқарушы билікке бәрін айттық. Біреуі келіп, мынаны тексерген жоқ.
РАХМЕТОЛЛА СҮЛЕЙМЕНОВ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Түрлі жан-жануарлар өсіп жатыр. Біздер мал жайып жатырмыз. Міне, қаншама табиғат, өсімдіктер өсіп жатыр. Соның бәріне зиян келтіріп жатыр да. Ал біздің елдің ауылдың жерін біреуге беріп жібергеніне біз наразылық білдіреміз.
Жергілікті халық жайылымды баз біреулер қоршап алуға тырысып бағуда дейді. Айтуларынша,жерге заңсыз иелік еткендер тау бөктеріндегі Сарыбұлақ шоқысынан бастап, Үштөбеге дейін ұзындығы 2,5 шақырымдық осындай траншеяны қазып тастаған. Тереңдігі 80 сантиметрді құрайтын мұндай шұңқырға ауылдағы ұсақ мал жиі түсіп кететін көрінеді.