Ордабасыдағы Ақмешіт ескерткіші тозып кеткен

179
22.07.2022 03:55

Ордабасы ауданында  мемлекет қорғауына алынған тарихи-сәулеттік ескерткіш тозып барады. Шұбар ауылдық округіндегі Ақмешіт ескерткішінің  бүгінгі жағдайы көңілге қаяу түсіреді.  Жаңғырту жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуінен сан ғасырлық тарихы бар нысанның күмбездерінен су өтіп, қабырғалары жарылып бастаған. 

Ишан базар мешіті  1803 жылы салынған. Содан кейін екі рет жаңғыртылған. Кеңес одағы ыдыраған тұста басталған алғашқы реставрация  аяқсыз қалды. Сол аралықта мешіттің орталық күмбезінің 80 пайызы бұзылады. Ол тек 2003 жылы жеке кәсіпкердің демеушілігімен жөнделіпті. Бұған да 20 жылдай уақыт өткен

ЕРІК ӘШІРБЕРДИЕВ, ИШАН БАЗАР (АҚМЕШІТ) ТАРИХИ СӘУЛЕТТІК ЕСКЕРТКІШІНІҢ СЕКТОРЫ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Өзіміз қара қағаз төсеп, смола жағып, клей жағып, Сауран құмын Иран цементімен араластырып, 13 күмбезді жылына екі рет жағып шығамыз. Күзде, көктемде. Сол жауынды сәл де болса ұстайды. 

Иран, Орта Азия сәулет өнері үлгісімен салынған мешіттің кірпіштері үгітіле бастаған. Күмбездерден  өткен жауын суы құрылысқа айтарлықтай зиянын тигізуде.  Соның әсерінен ғимараттың оң жақ қабырғасына да сызат түскен. 

ИСАҚ САРУАРДИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Қазіргі түрі мынау жарылып жатыр, күмбезден су ағып жатыр. Теңдесі жоқ тарихи ескерткіштер ғой. Мұны бір бұзып алсақ қайта қалпына келтіру мүмкін емес. 

Сәулеттік ескерткіштің осындай жәй-күйін айтып, мәдениет мамандары жылда министрілікке хат жолдаумен келеді. Дегенмен жауапты министрлік ғимаратты сақтап қалуға әлі күнге қаржы бөлмепті. 

ГҮЛЗИРА ӘШІРБАЕВА, ҚАЖЫМҰҚАН  АТЫНДАҒЫ СПОРТ  МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Соңғы келген  хаттарында министрліктің 2023 жылға қаралмаған ешқандай қаражат. 2023-2024 жылдар аралығында  республикалық бюджеттен қарау жоспарлануда деген хаты келді. 

Осыдан төрт жыл бұрын мамандар бүлінген жерлерді анықтап, оны жаңғыртуға қанша қаражат кететінін есептеген. Техникалық сараптама нәтижесінде жобалық смета да жасалған. Алайда бұл құжат уақыты өтіп кеткендіктен жарамсыз деп танылыпты. Үш ғасырлық тарихы бар Орта азиялық сәулет өнерінің ескерткіші осылайша жойылып кету алдында тұр.