Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 4-консультативтік кеңесіне қатысты. Мемлекет басшысы мұндай кездесулердің халықарлық саясаттың маңызды факторына айналғанын атап өтті. Дипломатия және қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде аталды. Президенттің айтуынша Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың және жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшіліктің кең аймағына айналуы керек. Сонымен қатар президенттер өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын жою үшін барлық мүмкіндікті жасауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуі тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ»