Бейбіт күннің батырлары.Тұрғындарды түрлі апаттардан құтқарып ерлік жасаған 4 азаматты бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қабылдап, оларды "Түркістан облысына сіңірген еңбегі" үшін төсбелгісімен марапаттады. Бейбіт күнде батыр атанған азаматтар кімдер және олар не істеді?
Ерлік жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Дегенмен Түркістан өңірінде өз басын қауіпке тігіп, өзгенің өмірін қорғап қалған азаматтар бар. Соның бірі Рысбек Мейірбек. Ол, 1 жастан жаңа асқан сәбиді тереңдігі 4 метрлік әжетханадан шығарған. «Кішкентай нәрестенің өмірі қыл үстінде тұрғанда ойланып тұруға мұршам болмады» дейді ол.
РЫСБЕК МЕЙІРБЕК, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Кішкентай бала әжетханаға түсіп кеткен болатын.Соны құтқарып алып шықтым, құтқару қызметінің жібінің көмегімен. Қорқыныш болды, бірақ, амал жоқ түсуге тура келді. Өйткені ,кішкентай қыздың өмірін сақтап қалу керек болды.Облыс әкімінің қолынан марапат алғаным үшін өте қуаныштымын.
Жақында ғана әлеуметтік желілер жарыса жазған қайсар азамат та елеусіз қалмады. Отаншыл болмысына күллі ел куә болған Қансейіт Мұхаммед өзі жұмыс істейтін ғимаратта болған өрт кезінде шатыр үстіндегі мемлекеттік туды оттан алып шыққан болатын.
ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Жаны жайсаң азаматтарға құрмет етіп жүру деген біздің парызымыз.Нағыз патриотсыздар сіздер.Мен солай деп танимын.Бейбіт күнде де батырлық пен ерлікке орын бар әрине,түрлі апаттар болап жатады.Кейбір тұрғындар келеңсіз жағдайларға түсіп жатады. Сол кезде ерлік жасап құтқаратын азаматтар арамызда бар екені бізге үлкен мақтаныш.
Марапатталғандардың қатарында Нұрғали Керімбеков пен Аян Рысбекұлы да бар. бірі Басына төнген қауіпке қарамай, бейтаныс кейуананы өрттің ортасынан аман алып шықса, енді бірі су құбырына құлап кеткен 2 жастағы баланы құтқарып алған.
АЯН ХАЙРУЛЛАЕВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ МИГРАЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Бір әйел кісі жүгіріп келді.,төбеде өрт болып жатыр ішінде үлкен жастағы енем қалып кетті деп. Сол кезде жүгіріп кеттім.
Бейбіт күннің батыры атанған батыл азаматтар өңір басшысының ілтипатына ризашылық білдіріп, қоғам үшін үнемі қызмет етуге дайын екендерін жеткізді.