Кентауда мүгедектер шу шығарды

196
21.07.2022 03:26

«Дәріханадан дәрі ала алмаймыз. Себебі онда бізге кіруге жағдай жасалмаған». Кентаулық бір топ мүмкіндігі шектеулі жандар осылай дейді. Айтуларынша, қалада мемлекеттік мекемені былай қойғанда, оларға базар аумағы мен дәріханаға бару мұң болған. Кентаулық мүгедектердің базынасын тілшіміз Шынар Әділханқызы тыңдап қайтты. 

Дәріханаға кіре алмау. Бұл кентаулық мүгедектердің бір ғана мәселесі. Бұдан өзге, түйіні тарқамаған бірнеше түйткіл бар. Мәселен,  жәрдемақының аздығы оларды сарсаңға салған. Бүгінде бірінші топ мүгедегіне – 69 , екінші топтағыларға 50 мың берілсе, үшінші санаттағылар 38 мың теңге алады. 

ДҮЙСЕНӘЛІ ЖҮСІПОВ, 1 – ТОП МҮГЕДЕГІ:

- Бірінші менің талабым мүгедектігі бар адамдардың зейнетақысын болмаса жәрдемақысын көтерсін. Екінші, 1 топтағы мүгедектерге 24 сағат қарайтын жеке көмекшілердің айлығын көбейтсін. Үшінші қоғамдықты орнына келтірсін. Бізді керісінше көбейтсін. Таңнан кешке дейін гүлдің астын тазалап жүрген адамдардың айлығын көбейт десек, 2-3 есе қысқартып тастап жатыр. Бізді өмір бойы кемсітумен келеді. 

Бұдан өзге, мүгедектердің тағы бір мұңы бар. Ол еңбекке араласып, қоғамнан өз орындарын табу. Осы мақсатта «мониторингтік» топ ретінде жұмысқа тартқан. Онда олар қала аумағындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындардың стандартқа сай екендігін анықтайды. Бұдан өзге, пандустардың орналасу реттілігін де бақылайтын болады. Десе де олар еңбекке араласқанына ерте қуанғандай. Себебі бастапқыда 80 мың табыс тапқан. Ал бүгінде 40 мың ғана қолымызға түседі дейді. 

ДАСТАН ОРЫНБАСАРОВ,  1-ТОП МҮГЕДЕГІ: 

- Біздің айлығымыз өте аз. Екінші топтікі де аз. Солардың барлығын көтерсе дейміз. 69 мыңға не келеді қазір? Бір қап ұныңыз 20 мың теңге. 1 кило құмшекеріңіз мың теңге. 69 мыңға 2 ақ пакет аласыз да шығасыз. Түк те келмейді. Қымбатшылық. 

Жергілікті әкімдіктегілер болса бұл мәселеден хабардар екен. Айтуларынша,  қалада оларға барлық жағдай жасалған. Тек көлік қатынасы әлі де шешімін таппаған. 

БАҚЫТЖАН АЙТБАЕВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Бұл кісілердің көп баратын әкімшілік ғимараттың өзінен бұл кісілер айтып жүріп істеткізді. Тиісті арбамен өтуге ыңғайлы жерлерді жасатты. Мониторинг топ арнайы хат беріп жүріп, бұл кісілер істеткізді. 04/14 Жол жөндейді жаңа бардиор қойған сол кезде аналарды ескермей кетіп қалған да.  Енді барлық нәрсе бірден бола бермейді ғой. 

Қазіргі  таңда  Кентау қаласы мен  Қарнақ, Хантағы, Баялды, Ащысай ауылдарын қоса есептегенде 5717 мүмкіндігі шектеулі жан бар.  Олардың 359-ы бірінші топ, 2625-і екінші, 2550-і үшінші топтағы мүгедектер. Биыл  олардың  184 -і жұмыспен қамтылған.