Түркістан
EN

Түлкібастықтар қаржы пирамидасына алданып қалды

158
19.07.2022

Түркістан Облысы Түлкібас ауданында "Кюнет" компаниясы қызметкерлерінің арбауына түсіп, ақшадан қағылдық дегендер көбейіп кетті. "Әлемнің қалаған жеріне барып, демалып қайтуға мүмкіндік аласың, тек қаржы құйып, карта сатып алсаң болғаны" деп айтқандарына сеніп, қолымыздағы бар қаржымызды беріп, миллиондап несие алып, ақыры құр қол қалдық,- дейді шағымданушылар. Айтуларынша, құқыққорғау органдарына да бір емес, бірнеше рет шағым жазған. Нәтиже болмаған соң, амалы таусылған ағайын біздің редакциямызға хат жолдады. 

Түлкібас ауданының табиғаты тамаша болғанымен, мына жиналған ағайынның көңіл-күйі жоқ.  Туған-туыстың арасы ажырап, әке мен бала араздаса бастаған. Себебі кюнет компаниясы арқылы оңай ақша таппақ болған ауылдастар оңбай алданған. Тез арада пайдаға кенелмек болғандардың алды 1 миллион, кейбірі тіпті 4 млн теңге құйған.  Алдандық деген халық карта мен кітапшалар берді дейді. Алайда жарамсыз деп күйінеді.   

Бұл аздай компания қызметкерлері онлайн несие немесе ақша алуға банкке бірге еріп барып, салымшы болуға көмектеседі дейді жиналғандар. Әрине ешкім ешкімнен ақшаны тартып алмаған, салымшылар маңдай терімен тапқан тиын-тебенін ерікті түрде берген. Шетелден мыңдаған доллар күткен ауылдағы қарапайым адамдар қомақты қаржы құйып, енді бақыр тиын да ала алмай отыр.  

АЙГЕРІМ ЖҰМАБЕКОВ-ЖӘБІРЛЕНУШІ:

- Айына 240 доллар деген. 2 адам кіргіссең болды дейді. Қайдағы кейбіреулердің жағдайы төмендеп қой бағып кетті.

Түлкібастықтардың сөзінше дәл осындай щудан кейін компания қызметкерлері кеңселерін жауып ізін суытқан. Ал Ауылды байытам деген жігіттердің бірінің әкесі болса, бұл кәсіппен айналысқан ұлдарын құптамағанын және бауыр еті балалары да оңбай алданғанын айтады.

ОРАЛБАЙ ӘБДРАЙМОВ - QNET КОМПАНИЯСЫ ӨКІЛІНІҢ ӘКЕСІ: 

- Мен ақшаға батып отырсам үйімді істеп алмаймын ба? Өздерінің басы кредитке толып отыр.

Ал Түлкібас аудандық Полиция қызметкерлері болса, тұрғындардың шағымы бойынша компанияның осындағы қызметкерлерінен жауап алған. Олар салымшылар мұндай қадамға саналы түрде барған дейді. Ең сорақысы компания басшыларынан жауап алу үшін, Малазияға хат жолдауға тура келді дейді. Ал шетелден мардымды жауап келмеген. 

БЕКАРЫС СҰЛТАНОВ-ТҮЛКІБАС АПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ТЕРГЕУ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл кісілердің арызы қаралып, қылмыстық іс жүргізілуде.

Qnet – QI тобының негізгі еншілес кәсіпорны. 1998 жылы негізі қаланған. Гонконгте орналасқан, тікелей сатылым мен көп деңгейлі маркетингті пайдаланады. Естеріңізге сала кетейік аталған компания осыдан бір ай бұрын қаржы пирамидасы болып танылды. Ұйымның Қазақстандағы басшысы тергеуге алынған болатын. Ал айрандай ұйыған ауыл тұрғындары кеткен қаржыларын кімнен аларын білмей дал.