Қант шикізатының өңдеу көлемі артады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Тіпті Мемлекет басшысының сөгісінен соң агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында жаңа жоба іске асырылатынын жеткізді. Айтуынша, жыл соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 237 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Тиісінше, қант саласын мемлекеттік реттеу мен қолдау шаралары күшейтіледі.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ - ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
- Ақ қант импортының және құрақ қант шикізатының өңдеу көлемі ұлғайтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, «айналым схемасы» шеңберінде, оның ішінде форвардтық келісімшарттар тетігін дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырудың басымдығы мәселесі пысықталатын болады
Экология министрі Брекешев киік мәселесіне қатысты тоқтамға келіпті. Яғни ол Қазақстандағы киік популациясы ареалы экожүйені кешенді бағалау жөнінде күрделі ғылыми зерттеу жүргізу қажет екенін жеткізді. Ал зерттеуге дейін ауыл шаруашылығы субъектілеріне жабайы жануарлар егіс жерлерін зиян келтіргені үшін өтемақы қарау қажетігіне тоқталды.
СЕРІКҚАЛИ БРЕКЕШЕЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
- Терең мониторинг және тиімді басқару үшін Қазақстандағы киік популяциясы ареалы экожүйені кешенді бағалау жөнінде күрделі ғылыми зерттеулер жүргізу қажет. Биыл Зоология институты Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында зерттеулер жүргізу үшін өтінім берген еді. Өкінішке қарай, бұл жоба қабылданбады. Осыған байланысты, Ғылым және жоғары білім, Қаржы Министрліктері осы зерттеулерді қаржыландыруды биылдан бастап қарастыру мүмкіндігін сұраймыз.