Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиында Президент жаңа үкіметтің міндеттеріне тоқталды. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықтағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, инфляция мен инвестиция мәселелері қаралды. Онымен қоса жұмысына салғырттық танытқан шенділерге Тоқаев сөгіс жариялады.
Бастысы, азаматтарымыздың табысын арттыру қажет. Осылай деген ел президенті халықтың әл-ауқатын көтеру бірінші орында тұру керек екенін айтты. Тоқаев миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтініне қынжылды. Бұл соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш. «Осыған қарамастан, Үкімет орташа жалақының өсуі туралы есеп береді. Бұл – нағыз көзбояушылық!» – деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
- Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылық саласындағы келеңсіздіктерді атап өтті. Бүгінде бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Олардың өзі тек үштен бір қуатымен ғана жұмыс істейді. Жүктелімі – 31% ғана. Осы орайда президент Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есе 7%-дан 43%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. Алайда, кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарып кеткен. Сонымен қатар президент киік санын азайту бойынша мәселеге нүкте қойды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
- Жиында президент жол сапасына жауаптылардың барлығын жазаға тарту керек деді. Ол үшін алдағы уақытта арнайы комиссияда құрылатын болды. Мүшелікке президент әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдері және депутаттар алынады. Мемлекет басшысы аталған комиссия кемінде соңғы 10 жылдың ішінде жол салу саласында жіберілген заң бұзушылықтарды тыңғылықты зерделеуі қажеттігін баса айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
- FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек.
Кеңейтілген отырыста бұдан бөлек білім, денсаулық, кәсіпкерлікті дамыту бойынша сөз болды. Мемлекет басшысы аталған жағдайлардың барлығы күзге дейін орындалуын тапсырды. Сондай-ақ міндеттемеге атүсті қараған шенділер дереу жұмыстан шеттетіледі деп ескерту жасады.