Түркістан
EN

"Тұран" футбол клубы Ақтөбеге есе жіберді

199
14.07.2022

Футболдан Қазақстан чемпионатының кейінге шегерілген 12-і турының аясында Түркістандық Тұран Ақтөбені қабылдады. Ойын 0-2 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Осылайша, түркістандықтар 17 ұпаймен 10-ы орында қалса, Ақтөбе 29 ұпаймен турнирлік кестеде көш бастады. 

Ойын бастала сала, командалар алма-кезек шабуылдар өткізді. Қос тарапта да есеп ашатын жақсы мүмкіндіктер болды. Алайда, Тұран орталық қорғаушыларының қателігін ұтымды пайдаланып кеткен Ақтөбе вингері Уго Видемон қақпашының ойын ережесін бұзғанына қарамастан есеп ашты. Екінші таймда ойынды құтқарамын деген тұрандық аяқдопшылар, тайлы-тұяғымен шабуылға аттанды. Алайда одан нәтиже болмады. Есесіне жағдайды  ұтымды пайдаланған Сердар Сердеров есепті еселеді. Осылайша, есеп 0-2 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

ДМИТРИЙ ШОМКО, «АҚТӨБЕ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

- Күшті қарсыласқа қарсы, қиын ойында жеңіп, 3 ұпай алдық. Қалай болғанда да жеңісті жұлып әкеттік. Дегенмен, жаттықтырушының тактикалық жоспарын орындадық деп айтуға болады. 

«Тұран» бас бапкері Сергей Когай алдыңғы шекте шабуылшыларға салқынқандылық жетпегенін айтып, ағынан жарылды. Айтуынша, команда ашық әрі тартымды ойын көрсетті. Дегенмен, қарсылас қақпасының алдында ойыншылар абдырап қалғанына қынжылды. 

СЕРГЕЙ КОГАЙ, «ТҰРАН» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

- Бірінші таймды өздеріңіз көрдіңіздер, ешқай команданың басымдығынсыз позициялық ойын көрсетті. Бір қателік жіберіп едік, қарсылас бізді жазалады. Екінші таймда да, қорғаныс мүлдем ұмытылып кетті. Ақтөбе өте жоғары деңгейлі команда. Ондай қателіктерді кешірмейді. 

Ақтөбе бапкері Андрей Карпович болса, команда бірінші орынға шыққанымен, бұл чемпионаттың соңы емес дейді. Оның үстіне ел кубогінің топтық кезеңі басталып кетті. Сондықтан, босаңсуға жол жоқ

АНДРЕЙ КАРПОВИЧ   «АҚТӨБЕ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

- Тұран өте күшті команда. Басқалар секілді, өз айып алаңына жатып алмай, жиі шабуылдайды. Бүгін біздің жолымыз болды. Ал, енді ары қарай біз кестеге сәйкес әр ойынға тыңғылықты дайындаламыз. Кубокке немқұрайлы қарауға болмайды. Себебі, оны ұтқан команда Еуропа Лигасына жолдама алады. Ал, еурокубокке қатысатын командалар екінші құрамын шығарса, өздері білсін. Біз кез-келген қарсыласпен ойнаймыз.

Айта кетейік, ел біріншілігі бір айға жуық үзіліске кетеді. Ал, командалар Қазақстан кубогінің топтық кезеңінде бақ сынайды.