Түркістан
EN

Түркістан облысында ішек инфекцияларының 231 жағдайы тіркелді

92
14.07.2022

Түркістан облысында жыл басталғалы ішек инфекцияларының 231 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 177-сі 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Шілде басталып, күн ысығалы жұқпалы ішек аурулары өрши түсті. Аталған инфекцияның таралуына не себеп, оның алдын алудың жолдары қандай? Келесі бейнематериалдан көріңіздер.

Түркістан қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде жұмыс қауырт. Асқазан-ішек ауруларына бөлінген 20 төсек-орынның барлығы лық толы. Науқастардың көбі  дені емізулі балалар, жасөспірімдер мен жүкті әйелдер екен. Мұндағы мамандардың айтуынша, ішек аурулары жылдың барлық мезгілінде болады. Десек те, шіліңгір шілденің аптап ыстығында ауру өрши түседі.  Оның өз себебі де бар.

Жұқпалы аурулардың қоздырғыштары сыртқы ортада өте төзімді. Топырақта, суда, әсіресе ашық су көздерінде ұзақ сақталады. Сол себепті суға шомыламын деп, ішек инфекциясымен ауырғандардың қарасы қалың. Табиғат аясына тынығуға шыққанда, ашық су көздерінде ыдыс-аяқ жуып, болмаса белгісіз су көздерінен су ішпеген жөн. Сондай-ақ, мамандар жабайы сауда нүктелерінен мерзімі көрсетілмеген тағам түрлерін мүлде алмауды ескертеді. 

Жай ғана ішектің қалыпты жұмысының бұзылуынан пайда болған ауру, өте қауіпті асқынуларға, мәселен қан кетуге, ағзаның сусыздануына, тіпті ажалға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан аурудын алғашқы белгілері біліне бастағаннан-ақ, бірден медициналық көмекке жүгінген абзал.