Түркістан
EN

Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакина Қазақстанға оралды

232
13.07.2022

Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакина Қазақстанға оралды. Ең үздік теннис бәсекесінде қарсылас шақ келтірмеген спортшы екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, Уимблдондағы жеңіс қай елге тиесілі? Қазақстанға ма әлде Ресейге ме? Көптің қызу талқысына түсіп жатқан тақырып осы? Бұл туралы спортшының өзі не деді? 

Төрткүл дүиедегі басты спорт бәсекесінде үздік теннисшілерді тізе бүктірген Елена Рыбакина Қазақстанға оралды. Спортшы халықаралық аренада ел абыройын асқақтатқаны сөзсіз. Осыны ескеріп, Теннис Федерациясы спортшыға сыйақы тағайындамақ болған. Алайда, Рыбакина бас тартып, өзінің Лондон төрінде алған қаражатының жартысына жуығын Қазақстандағы жас теннисшілерге қолдау ретінде беруді жоспарлап отыр. 

ЕЛЕНА РЫБАКИНА, УИМБЛДОН ЖЕҢІМПАЗЫ:

- Мені қолдаған барша Қазақстанға алғысымды айтамын. Түн ортасы болғанына қарамай осында келіп қарсы алып жатсыздар. Осы жеңіс сіздер үшін.

Рыбакинаның сенбідегі финалдық  кездесуі аяқтала сала, ғаламтор беттері мен ақпарат құралдарында даулы мәселе пайда болды. Бұл жеңіс қай елдікі деген сауал Қазақстан мен Ресейдің спорт сүйер қауымы арасындағы жанжалға дейін барды. Ресейлік танымал спорт ресурстарының Мәскеу тумасының жеңісі деп беріп жатқаны қазақстандықтардың ашуын туғызды. 

Естеріңізге сала кетсек, Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Сол кезде 19 жаста болыпты. Осы кезең спортшының тағдыры шешілетін елеулі кезең саналады. Дәл осы сәтте оған сеніп, қолдау көрсетпегенде бұның барлығы болмауы да мүмкін еді дейді. Бұл туралы Лондондағы банкет кешінде Рыбакинаның өзі де шорт кесіп қадап айтты. 

ЕЛЕНА РЫБАКИНА, УИМБЛДОН ЖЕҢІМПАЗЫ: 

- Мен енді Қазақстанға қайтамын. Өз үйіме. Қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын сездім. Еліміздің жалауын да көрдім. Бара сала, Президентпен кездесемін. Себебі күтіп отырғанын естідім. Осындай жанкүйерлерім барына мақтан етемін.

Айта кетер жайт, Рыбакинаға жеңісі үшін 2 млн фунт стерлинг беріледі. Бірақ, салық алынып тасталғандағы сома қанша болатыны әлі белгісіз екен. Ал Қазақстанда теннисші салық төлемейді. Себебі Ұлыбритания мен Қазақстан арасында қосалқы салық салмау туралы конвенция бар.