Түркістан
EN

Түркістанда алғаш рет тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау басталды

173
13.07.2022

Түркістан облысында тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау басталды. Бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы іске асырылуда.  Қаржы ұйымының мәліметіне сәйкес аймақта мүмкіндікті пайдалануға 3 635 өтініш қабылданып, оның 1 493 мақұлданған. Аталған мақсатқа облыстық бюджеттен 1 493 азамат үшін 25 млн. теңге қаржы қаралып, шілдеден бастап төлеу жоспарлануда. 

Әсел Ерназарованың диагнозы-бауыр церрозының ақырғы сатысы. Сырқаты жайлы білген жұбайы 34 жастағы келіншекті баласымен бірге  тастап кеткен. Жұмысқа денсаулығы жарамайтын жалғызбасты ана тек мүгедектігі бойынша жәрдем ақыға күнелтуде. Оның өзі түгелдей дерлік ем-домына кетеді екен. Санаулы ғұмыры қалған келіншек баласын жетектеп туыстарының үйін жағалап жүруге мәжбүр. 

Әселдің басындағы баспана мәселесі еліміздегі өзекті проблемалардың бірі. Түйткілдің бір шешімі ретінде мемлекет тұрғын үйді жалға алып отырған белгілі санаттағы отбасылардың пәтерақысын субсидиялауды ұсынып отыр. Aталған көмекке  тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тіркелген, төрт түрлі санаттағы Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер бола алады.

Бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы іске асуда.  Оның талаптарына сәйкес, тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайызы субсидиялауға жатады. Қалған жалдау ақысының 50 пайызы жалға алушының атына ашылған «Отбасы банк» АҚ - ның есепшотында болуы міңдетті. 

НҰРСҰЛТАН ҚАЛДАРБЕКОВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ТО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ  М.А: 

- Жалға алу бойынша субсидияларға үміткер отбасылардың соңғы алты айдағы орташа айлық жиынтық табысының мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бір ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан аспауы тиіс (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 ПМ = 36 018 теңге). Мысалы, отбасында 6 адам – екі ата-ана және төрт бала, олардың бір айдағы жалпы табысы 216 108 теңгеден аспауы тиіс. 

«Отбасы банк» өкілдерінің айтуынша қазірдің өзінде бағдарламаға қатысуға аймақта 3635 отбасы өтініш білдіріп, оның 1493-і мақұлданған. Бұл отбасылардың үй жалдау ақысын субсидиялауға облыстық бюджеттен 25 млн. теңге  бөлініп отыр. Қаржылай көмекті  шілдеден бастап төлеу жоспарлануда. Айта кетерлігі, Түркістан облысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 49 677 отбасы  ниетті.