Түркістан
EN

Түркістанда ойынханаға қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

124
12.07.2022

Түркістандық тәртіп сақшылары ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілерді ұстады. Тарқатып айтар болсақ, 7 маусым күні таңғы сағат 5-тер шамасында 102 пультіне облыс орталығында орналасқан ойын клубының кассирі хабарласқан. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша, бетперде таққан белгісіз біреулер ойынханаға басып кірген. Қолында қаруы бар екі ер адам қорқыту арқылы,  касса жәшігін бұзып, ішінен 350 мың теңге ақшаны алып, іздерін суытқан. Тергеу барысында жас жігіттер қылмыс жасағанын мойындап, ұрланған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын жеткізді.

Сұлтанбек Үсіпбеков, ТО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы:

- Күдіктілердің бірі қолындағы тапаншаның ойыншық екенін, оны қала базарларының бірінен алдын-ала сатып алғанын айтты. Ал қарақшылық шабуыл жасағаннан кейін ол қаруды дәретханаға тастаған. Ойыншық тапанша заттай дәлел ретінде тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда күдіктілер қамауда. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда және қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.