Түркістан облысындағы 70 елді мекенде интернет атымен жоқ. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы осылай дейді. Сонда мыңдаған адам әлі күнге дейін үйден шықпай-ақ үкіметтік порталдан құжат ала алмай, үйреншікті болып қалған онлайн төлемдерді жүргізе алмай, тиын-тебенді қалтаға салып томпайтып жүргені ғой. Өркениеттен кейін қалған ауылдардың мәселесі қашан шешіледі?
Жауапты органдар Түркістан облысындағы 70 елді мекенде интернет атымен жоқ екенін мойындап-ақ отыр. Тіпті облыс орталығы Түркістан қаласының өзінде ғаламторға еркін кіріп шыға алмайтын шағын аудандардың бары ақиқат. Тіптен кейбірінде интернет тұрмақ, байланыс желісінің өзі әрең ұстайды.
Алайда қазір Түркістанда халықты сапалы байланыспен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Былтыр аймақта еліміз бойынша алғаш рет талшықты-оптикалық интернетті пайдалану жобасы іске қосылыпты. Аталған бағдарламаны «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде жүзеге асыруда. Ал ағымдағы жылы 30 мыңға жуық тұрғын үйді, яғни 150 мыңға жуық тұтынушыны сапалы интернетпен қамтамасыз ету жоспарда.
Аймақтағы ауылдық жерлерді ғаламтормен қамту мен цифрландыру бағытына 2021 жылы 34 млрд теңге жұмсалса, 2022 жылы 17,5 млрд теңге бөлініп отыр. Ал 2025 жылға дейін бұл мақсатқа 225 млрд теңге қарастырылған. Мәселен, жақында Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт және Келес аудандарының тұрғындары интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Жоба ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен байланыс операторлары арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Айта кетейік Республика бойынша тұңғыш рет Түркістан қаласында бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылды. Алайда халықтың біразы бұл технологиялар денсаулығымызға зиян келтіреді деп, наразылық білдіруде. Аталған жайт цифрландыру жұмыстарына кері әсерін тигізуде. Сондықтан алдымен халыққа аталған заманауи құрылғылар жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізген абзал дейді сала мамандары