Түркістан
EN

ҚР Оқу-ағарту министрі Түркістан халқына есеп берді

235
09.07.2022

Бүгінде білімді педагогтардың саны мен сапасын арттыру басты назарға алынып отыр. Аталмыш мәселені негізге ала отырып, бүгін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халық алдында есеп берді. Есеп беру барысында «Орта білім», «Педагог мәртебесі», «Балалардың құқығын қорғау» тақырыптары қозғалды. Министр алдағы жоспарларымен бөлісіп, жиналған халықтың сауалдарына жауап берді. 

Қазіргі таңда еліміздегі үлкен мәселе - бұл мектеп салу жұмыстарын жүйелі жүргізу екенін министр атап айтты. Айталық 2021 жылдың ішінде 277 мектеп салынды. Биылдың өзінде 225 мектеп салу жоспарда бар. Ал, салынып жатқан мектептерге білікті мұғалімдер қажет. Елімізде заманауи мектептерге сай білімді педагогтарды облыстарға тарту көзделіп отыр. Аталған білікті мамандар Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарына жіберілетін болады. 

Министрдің халыққа есеп беруіне жиналған халық балабақшалар мен мектеп және колледждегі заңсыздықтар туралы мәселелерді көтерді. Балабақшаларда 50-ден астам бүлдіршінді бір топқа қабылдау, мектептерде «Алтын белгіге» үміткер оқушыға қысым жасау, сондай-ақ мектеп директорларының мектепті ұзақ уақыт басқаруы сынды проблемаларды жиынға келгендер ашық айтты.  Мәселе шешімі ретінде министр аудандар мен облыстарға бақылау комиссиялары жұмылдыратынын атады.

Бүгінгі жиында жетім балалар мен аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмады. Министр мектептерде аталған санаттағы балаларға көмек көрсету үшін оларға берілетін әлеуметтік заттарды енді сатып алудан бас тартып, көмекті ақшалай беру қажеттілігін атап айтты. Бұл балаларды өз ортасында кемсітуді тиятынын мәлімдеді.