Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Turkistan Media Holding»-ке арнайы ат басын бұрып, телеарна ұжымын «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауындағы жеңісімен құттықтады. Аймақ басшысы телеарна ашылған 1,5 жыл ішіндегі жетістіктерді жоғары бағалап, кез-келген жобаны қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Түркістан телеарнасы үшін барыс жылы табысты болып отыр. Республика көлемінде хабар тарататын арна «Тұмар-2022» ұлттық телевизиялық байқауында оза шауып, «Үздік аймақтық телеарна» деп танылды. Облыс көлемінде өзге аймақтық телеарналар арасынан суырылып алға шығып, «Алтын микрофон» сыйлығын жеңіп алды. Телеарна қызметкерлері облыстық және республикалық спорттық додаларда да топ жарып жүр. Телеарнаға арнайы келген аймақ басшысы ұжымды жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта түркі әлеміне ортақ халықаралық телеарна атануына тілек білдірді.
Аймақ басшысы телеарна халық пен билік арасындағы алтын көпір болуы керек дей келе, журналистердің сыни материалдар дайындауын құп көретінін атап өтті. Сонда ғана халықтың бұқаралық ақпарат құралына деген сенімі артпақ.
Әкіммен кездесуде телеарна қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын аймақ басшысына жолдауға мүмкіндік алды. Ал Turkistan Media Holding-тің басқарушы директоры Тельман Бейсенов Өмірзақ Шөкеевке аймақтағы жаңадан ашылып жатқан БАҚ құралдары туралы айта келе, ерекше ұсыныс тастады.
Өмірзақ Шөкеев радио ашу қажеттілігі туралы ойды бірден қолдады. Аймақ басшысы аталған ұсынысты жан-жақты қарастырып, қаражат жағын шешіп, арнайы кадрларды дайындауға қолдау көрсетуге уәде берді.