Түркістан
EN

Сырдария бойында заңсыз құм қазғандарға неге шара қолданылмайды?

178
08.07.2022

 

 

Түркістан облысында жерді заңсыз пайдаланушыларға тоқтау болмай отыр. Бұл жолы осыны айтып, қарапайым халық емес, Сырдария Түркістан табиғи паркінің мамандары шағымданды. Табиғат жанашырлары әлеуметтік желіде  мемлекет меншігіне қол сұққандар заңсыз карьер қазып, құмды тонналап ұрлап жатыр деп дабыл қағуда. Айтуларынша осыны айтып, құзірлы органдарға қанша шағымданса да қылмыскерлерге тиісті жаза қарастырмай отыр екен. Салдарынан қылмыс үстінде ұсталғандар ертесіне-ақ  жымысқы әрекеттерін жалғастырып жатқан көрінеді. 

Сырдария Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи парк қызметкерлері Шардара ауданы, Жаушықұм елді-мекені маңында Сырдария бойынан заңсыз құм қазып, өзен арнасын бұзып жатқан тәртіп бұзушыларды қылмыс үстінде бірнеше рет ұстап, Шардара аудандық ішкі істер бөліміне тапсырған. Алайда, Құзырлы органдардың шарасыздығы ма әлі басбұзарлар ертесіне қайта өзен жағасын жағалап жүреді екен. 

ҚАЗЫБЕК ОРАЗЫМБЕТОВ-«СЫРДАРИЯ-ТҮРКІСТАН» МӨТП БАС ДИРЕКТОРЫ: 

- Сырдария өзені ұлтанын қадағалау өңірлік парк құзыретіне кірмейді. Ол бойынша Арал-Сырдария аумақтық инспекциясы, Балық инспекциясы айналысуы керек. Алайда, мемлекеттік инспектор болған соң кез-келген заңбұзушылықтың алдын-алу міндетіміз болып табылады. Бұл іспен ары қарай Шардара аудандық ішкі істер бөлімі айналысады. Табиғатқа келген зиянды ТО экология департаменті есептейді. Табиғи парк инспекторлары өз құзыретіне тиісті  әрекеттерді орындады.

Аталған мәселені әлеуметтік желіде көтерген табиғат жанашырлары «Мемлекет меншігіне құл сұғушыларға салынатын айыппұл көлемін арттырса, мұндай жағдай қайталанбас еді»,- дейді. Шынымен де аталған жағдайларға неліктен тоқтау болмай отыр. Тәртіп сақшылары не дейді?

Полиция департаменті Сырдария ұлтанынан заңсыз құм қазғандарға қатысты жазаны Экология департаменті белгілейді деп отыр. Оларды да әңгімеге тартып көрдік. Сонымен, табиғатқа залал келтірушілердің қылмысқа қымсынбастан баруына не себеп? Әлде оларға салынатын айыппұл көлемі шынымен де аз ба?

Экология департаментінің өкілінің айтуынша 2021 жылы қабылданған жаңа экологиялық кодекс қолдарын байлап отыр екен. Қысқасы аталған салдағы құзыретті органдар бір-біріне сілтеп отыр. Ал табиғат жанашырлары мемлекет мүлігіне қол салғандармен күресте жауапты сала мамандары ауызбіршілік танытқан тәртіп бұзушылардың теріс тірлігіне тоқтам болар еді дейді.