Электр кернеуінің төмендігінен зардап шегіп отырмыз. Шымкенттік кәсіпкерлер арнамызға осылай деп шағымдануда. Олардың айтуынша мегаполисте электр қуатының сапасы нашарлап көптеген кəсіпкерлік нысандардың дені толыққанды жұмыс істей алмай қалған. Әсіресе қоғамдық тамақтану жəне кондитерлік орындардағы жағдай тіпті қиын.
Жұмысының дені электр қуатына тəуелді бұл мекемеде электр қуаты жетіспейді. Мәселеге бір жылдай уақыт болғандықтан қосымша тоқ қуатын реттейтін қондырғы орнатқан. Оның өзі жағдайды толық реттей алмаған. Кесірінен қазір мұндағы тоңазытқыш, еттартқыш жəне мұздатқыш сынды құрылғылардың барлығын бірден іске қоса алмайды.
БАҚЫТ ДЕРБІСБЕКОВА - КƏСІПКЕР
- Тоқ келмейді. обородуваниеннің барлығы қымбат. Ет тартқыш болсын шоковой замарозканың барлығы қымбат. Біз енді қорқып отырмыз осындай жағдайда бір морозильник күйіп кетсе біз жұмыс тоқтап қалады.
Кəсіпкерлер қанша шырылдаса да салаға жауаптылар тапшылықты мойындамай отыр. Күннің қатты ысуына байланысты қалада тұтыну көрсеткіші тағы 20-23 пайызға артқан.
БОРАНБАЙ БОЛАТБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Соңғы уақытта ауа-райы қатты ысып кетті. Осыған байланысты тұттыну көрсеткіші артты. Бірақ ол тапшылық тудырып отырған жоқ. Ал кернеудің төмендеп кетуіне электр желілерінің тозуы да əсер ету мүмкін. Сондықтан электрмен қамтып отырған мекемелерге хабардасуы керек.
Басқарма жетекшісі мәселені қанша жерден жоққа шығарса да, проблеманың барын мегаполис басшысы растайды. Қала əкімі Мұрат Əйтенов Шымкентті сапалы электрмен қамту мəселесіндегі қиындыққа байланысты үш жылдың ішінде шешілетінін мəлімдеген болатын.