Түркістан
EN

Әкімшілік қызметкерлері әкімнің үстінен арыз жазды

65
07.07.2022

Қазығұрт ауданынан қарасты Тұрбат ауылдық округінің әкімдік қызметкерлері еңбек демалысына уақытылы шыға алмай отырғанын айтады. Тіпті әкім оларды балағаттап, демалыс күндері де жұмыс істеуге мәжбүрлейді екен. Осылай деген қызметкерлер әкімі  Әбдіғали Ертаевтің үстінен арыз түсірген. Аталған іс Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

Әбдіғали Ертаев Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылдық округінің әкімі болып отырғанына биыл 7 жыл. Қызметкерлерден жұмыстың нәтижелі болуын талап ететін ол бүгін «дөрекі әкім» атанып отыр. 

Айта кетерлігі, басы дауға қалған әкім 2006-2012 жылдары аталған ауданда әкім орынбасары қызметін атқарған. Ол кезде де үстінен дәл осындай арыз-шағымдар түсіп, тіпті қызметінен қуылған екен. Дегенмен, кейін сайлауға түсіп, аудан әкімі атанған Әбдіғали Ертаев сондай жағдайға тағы түсіп отыр. 

Әдеп жөніндегі Кеңес Тұрбаттық әкімнің жұмыс нәтижелерін ескере отырып, оған «Қатаң сөгіс»  ретіндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Кеңес мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдады. Айта кетсек, Әдеп жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысына лауазымды тұлғаларға қатысты 2 тәртіптік іс, 2 профилактикалық мәселе шығарылды.