Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі шектелмеуі тиіс. Ерекше жандардың мәселесі бүгін Сенат депутатының қатысуымен өткен жиында талқыланды. Жиналғандар жеке көмекші қызметі ақысы, мүгедектігі бар азаматтарға оқу жеңілдіктері секілді мәселелерін көтеріп, ұсыныстарын айтты. Аталған мәселелерді депутат басты назарға алды.
Түркістандық мүмкіндігі шектеусіз жандар қоғамдық орындарда жолдар стандартқа сай салынбағанына наразы. Мұндай жерлерде қол арбалардың қозғалысы қиындық тудырады дейді. Өңірге арнайы келген сенат депутатымен өткен кездесуде әлеуметтік қызметтер порталы, инвакөлік қызметі, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділік, мүгедектік тағайындау, жеке көмекші қызметі ақысы, мүгедектігі бар азаматтарға оқу жеңілдіктері, жұмыспен қамту мен міндетті гигиеналық құралдардың жылдық санын көбейту туралы ұсыныстарын айтты.
ЛӘЗЗАТ ҚАЛТАЕВА, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
- Мен мүгедектердің көмек көрсететін орталықтарды аралап шықтым. Бірақ ерекше жандармен жеке кездесу өте маңызды. Олар өте өзекті мәселелерді қозғады. Бүгін ең белсенділері жиналды деп ойлаймын
2022 жылдың статистикасына сәйкес облыста мүгедектігі бар адамдардың саны 96 748. Ал 2021 жылы 6 139 адамға алғаш рет мүгедектік рәсімделіпті. Жаңа заңға сәйкес, 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектік тобын тағайындау нормасы енгізілген болатын. Бұл өз кезегінде тағдырлас жандардың өмірін жеңілдетуге сеп болған. Десе де олар түйінін тарқатар түйіткілді мәселелердің әлі де көп екенін алға тартты.
ЕРКЕБҰЛАН ЕРҒАРА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
- Жалпы біздерге кәсіптік бағытта мемлекеттік гранттар бөлінеді. Алайда қатысуда біршама кедергілер бар. Мысалы, жұмысқа қабілетті деген құжатты сұратады, бірақ, ол құжаттарды беретін мекеме жоқ. Осы секілді дүниелер шешілсе деген ниетім бар
Түркістан облысы, Түлкібас ауданында тұратын 1 топтағы мүгедектігі бар Топанбай Мейірхан мен Балзира Керімқұлова аудандардағы инвакөліктердің сапасы көңіл көншітпейтінін, мәселені толыққанды шешу үшін жол шығындары әр мүгедектің өзіне төленсе, монетизация жасалынса жөн болар еді дейді.
НҰРЖАН КЕҢЕСБЕКҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Біздегі инва көліктер облыстағы барлық мүгедектігі бар жандарды қамтиды. Көліктерді конкурс бойынша таңдаймыз. Жеңген инвесторлар көліктердің сапасына жауап береді.
Сенатормен өткен басқосуда мүгедектігі бар жандар аталған мәселелерден бөлек, ауруханаларда жедел саты мен арнайы қаралатын бөлмелердің болғанын қалайтынын айтты. Азаматтар осы және өзге де мәселелердің шешімі табылатынына сенім артады.