Түркістанда қырыққа жуық үй жаздың аптап ыстығында ауыз сусыз қалды. Олардың айтуларынша, су түнгі он екіде қосылады екен. Күндізгі уақытта қысым өте төмен болады. Сондықтан су аз мөлшерде беріледі екен.
Бұл аулада кезінде бау бақша жайқалып тұратын. Қызанық, қияр, тіпті қарбызды да сатып алу дегенді білмейтінбіз дейді Гауһар ана көшесінің тұрғыны Күлайхан Мырзабаева. Бірақ соңғы екі жылда дәл осы көшенің тұрғындары бау-бақшаны суғармақ түгілі, ауыз суға жарымай қалған. Тұрғындар бүгінде ауыз суды тасып ішеді. Тіпті, ас ішкен ыдыстарын да, жинап жууға мәжбүр.
КҮЛАЙХАН МЫРЗАБАЕВА, ТҰРҒЫН:
- Ыдыстардың барлығы бос тұр. Су жоқ. Мына ыдыстарым жуылмаған. Арғы жақта кірім тұр жуылмаған үйіліп. Жуа алмай отырмыз. Түнде ғана жуамыз. Оны қашанғы күтеміз. Таңертең жұмысқа баруымыз керек. Күн жылы болса суды азайтып тастайды. Су бермейді. Ішетін суға зар болдық.
Бұл тек қана бір отбасының басындағы жағдай емес. Көршілес 40-қа жуық үй мына аптап ыстықта осындай күй кешіп отыр. Тиісті мамандарға хабарласқан соң, өткен жұмада келіп, суды қосып берген. Бірақ 2 сағат өтпей қайта тоқтап қалыпты.
КҮЛАЙХАН ЖАЙЫҚОВА, ТҰРҒЫН:
- Біздің көшемізде су жоқ. Таңертең бір көрінеді да одан түнгі сағат 12-де келеді су. Онда да таңғы сағат алтыға дейін болады. Оны біз түнімен қарап отырмаймыз ғой. Кір деген тау болып үйіліп қалды. Суға зар болып қалдық. Бір шайнек су да ала алмаймыз.
Біз мәселенің мән-жайын білмек болып, қаланы сумен қамтитын Түркістан су мекемесіне хабарластық. Мамандар бұл мәселеден хабардар екен. Олардың сөзінше, қалалық әкімдікке сауал жодданған. Енді бір айдың ішінде бұл мәселе шешіледі дейді мамандар.
СЕЙЛБЕК ДАЙРАБАЙ, «ТҮРКІСТАН СУ» МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
- Толыққанды шешу үшін Түркістан қаласының әкімі 250 метрлік су жүйесіне қосымша жалғап жіберуге қосымша қаржы бердік. Мемлекеттік сатып алу бөлу бөлімі осы аптаның ішінде жарияласа бір айдың ішінде бітіріп тастаса одан кейін болмайды деп отырмыз.
Түркістан қаласында 843 ке жуық көше бар. Оның 98 пайызын Түркістан су мекемесі тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Мамандар шаһардағы су жүйесіндегі қысымды қалыпты нормада ұстап тұру үшін ескірген құбырларды ауыстырып жатырмыз дейді.