«Қаңғыбас иттерден қорқып жаяу жүруден қалдық». Осылай деген Түркістан қаласы, Жаңа қала ықшам ауданының тұрғындары көмек сұрап, біздің телеарнаға хабарласты. Айтуларынша аулада иесіз жүрген иттердің саны күн санап артып барады екен. Бұралқы иттер түні бойы үріп маза бермейтін көрінеді. Одан бөлек, соңғы уақытта иесіз жануарлар балаларға шабуылдайтын болған. Бала-шағасының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындары мәселенің бір шешімі болса дейді.
Жақсылық Бекжанов 4 баланың әкесі. «Балаларым-байлығым» деген азаматты мазалап жүрген мәселе - перзенттерінің қауіпсіздігі. Себебі тұрып жатқан үйлерінің ауласында қаңғыған иттен аяқ алып жүрер жер жоқ. «Әсіресе күннің ыстығы қайтқан кешкі уақытта олардың саны тіптен көбейіп кетеді», - дейді ол.
ЖАҚСЫЛЫҚ БЕКЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Иттер қаптап кетті. Осы домдарда бір қызды тістеп алыпты дейді. Кешкісін шұбырып кетеді мына жерде. Балалардың бәрі сыртта ойнайды. Қорқасың қазір. Жан-жағымыздың бәрі ашық. Оны кім қадағалайды. Ертең баламызды тістеп алса кім жауап береді? Қаншама ауру келеді осы иттерден. Осыны әкімшілік қызметтері қадағаласа.
Тұрғындардың айтуынша, кешкісін иесіз ит мысық қаптап кететін болған соң, балаларды күндіз күннің ыстығында аулаға ойнатуға мәжбүр болып отыр екен.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ЖОЛДЫБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Ит көп. Жан-жақтан шығады. Мына майда балаларды тістеп жатыр деп естіп жатырмыз.Тиісті қарайтын мекемелер шара қолданатын шығар. Кештен бастап таңға дейін көбейіп кетеді. Алысып жатады бір-бірімен.
Жауапты сала мамандардың айтуынша қаңғыбас иттерді түгелдей жойып жіберу мүмкін емес. Себебі олар жылына 3-4 рет төлдеп, әрқайсында 5-6 күшік пен марғаудан туады. Мәселенің шешімі ретінде тек әр адам өз иті мен мысығына ие болғаны дұрыс дейді.
Айта кетейік, Түркістан қаласы бойынша жыл сайын 48 мың иесіз ит-мысық жойылады. Аталған мақсатқа облыстық бюджеттен 107 млн теңге қаралған. Қаңғыбас жануарларды аулап-жою ісіне жауапты мекеменің басшысы Базарбек Омаровтың айтуынша қазір жылдық тапсырманың 68 пайызы орындалған. Қалада ит-мысықты жоюға 6 адамнан 3 бригада бекітілген. Дегенмен олардың ит пен мысықты атуға рұқсаттары жоқ екен.