Түркия астанасы Анкарада Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстанның тәуелсіздік күні мерекелеріне арналған концерт өтті. Түркі елдерінің егемендігіне 30 жыл толуына орай ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мұрындық болған кеште жергілікті өнерпаздармен қатар, әр елдің өнер ұжымдары онлайн байланысқа шығып, ән-күйден шашу шашты. Пандемия кесірінен келе алмаған алыстағы өнерпаздар осылайша көрермендерге ықыластарын білдіріп, өнерде шекара жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жақында ғана ашылған Президенттік концерт залында өткен шараға түркітілдес елдердің ұлттық ән-күйлері орындалып, би шашу болды. Бағдарламаға бауырлас мемлекеттердің елшілерімен қатар Түркия Туризм және мәдениет министрінің орынбасары да қатысты.