Түркістандықтарды уақытылы жүрмейтін көліктердің мәселесі мезі еткен. Арнамызға Отырар мөлтек ауданы тұрғындары шағымданды. Айтуларынша, жол ақысы қолжетімді болғанымен, қоғамдық көліктің сан аз. Одан қалды жұрттың жиі баратын жеріне қатынамайтын көрінеді.
Қысы жазы автобуспен қатынайтын тұрғындар шілдеде күн астында сағаттап тұрады. Өйткені көбіне қоғамдық көліктер уақытынан кешігіп, тиісінше лық толы болып келеді. Ал жұмысына асыққан жандар мұндай жағдайда такси ұстауға мәжбүр боламыз дейді.
КҮЛИПА НҰРГЕЛДИНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Біздегі жолаушы көліктері ескі. Кейде жолда бұзылып қалатыны бар. Балалар да мінеді. Жалпы адам көп болған соң сыймай жатамыз, кішілігі тағы бар. Сол үшін бізге үлкен әрі жаңа автобустар берсе дейміз. Халық атынан өтінемін. Қиналмай жүрсек деген арманымыз бар. Бар ақшамыз таксиге кетпесе дейміз. Уақытылы жүретініне көңілім толады.
Жалпы Отырар мөлтек ауданына 5 қоғамдық көлік қатынайды. Оның үшеуінде ескі көліктер. Арасында белгіленген маршруттың соңына дейін бармайтындары да кездесетін көрінеді. Мәселен «31А» жолаушылар көлігі діттеген жерге дейін жетпей, жарты жолдан айналып кетеді дейді тұрғындар. Оның себебін қоғамдық көлікті тізгіндеген жүргізушілер жолаушылар саны аз болғанымен түсіндіреді екен.
РУСЛАН ЖОЛАЕВ, «ТЕХПРОАВТО» МЕКЕМЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Түркістан қаласына жаңадан келіп жатқан транспорттарға біз жауап береміз. Атап айтатын болсақ, «14», «15», «17», «18», «20» және «21» автобустар. Олар өз уақытымен діттеген жерлерге дұрыс қатынайды. Қоғамдық көліктер арасындағы жүру ұзақтығы 10-15 минутты құрайды.
Тұрғындар тағы жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердің демалыс күндері сирек қатынайтына наразы. Ал оның себебін жауапты органдар «сенбі жексенбі күндері жолаушылар аз болады. Сәйкесінше, қоғамдық көліктер де сирек шығады - деп түсіндірді.