Түркістанда жасөспірім балалардың түнде жүруіне қарсы рейд өтті

157
29.06.2022 04:09

Түркістанда 16 жастағы арудың туған күні Полиция басқармасында өтті. Өйткені кәмелет жасына толмаған жасөспірім меншікті мерекесін түнгі мезгілде мейрамханада тойламақ болған. Дегенмен пагондағылар ата-анасының қарауынсыз бей-берекет қыдырған қыз-жігіттердің жүрісіне тосқауыл қойды. 

Биыл балалар жылы. Яғни осы жылы олардың білім алуына, денсаулығына, қауіпсіздігіне қатысты мәселелер оңтайлануы тиіс. Тиісінше 27 маусымнан бастап Түркістан қалалық ПБ қызметкерлері республикалық "Түнгі қаладағы балалар" жедел алдын алу шарасы аясында рейдтік тексеріс ұйымдастырды. Акцияға қатысқан біздің түсірілім тобы да полицейлермен бірге  қаладағы  бірнеше кафе-ресторан, ойын сауық кешендерін аралады. 

Бұл Түркістан қаласында орналасқан мейрамханалардың бірі. Мұнда күн батысымен жастар көп жиналады. Олар аяқ асты келген Полиция қызметкерлері кәмелет жасқа толмаған жастарды анықтауға кірісті. Нәтижесінде бір топ желік қуған жасөспірімдер ұсталды. Ал кәсіпкерлік нысанының әкімшілігіне айыппұл салында. 

Осылайша меншікті мерекесін тойламақ болғандар айтулы күнді полиция басқармасында өткізді. Іс-шараның мақсаты жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмай, кәмелет жасқа толмағандардың түнгі уақытта көше кезуінің алдын алу. Айналдырған бір сағаттың ішінде ережені елемеген 20 шақты бала ұсталды. Олардың ата-аналары шақырылып, әкімшілк жауапкершілікке тартылды. 

Іс-шара барысында полиция инспекторлары жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу өткізіп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының ережелерін түсіндірді. 

Еске сала кетейік, рейдтік шара алдағы уақытта да жалғасын табады.