Түркістан
EN

Өңірде аптап ыстық халықты әбігерге салуда

125
28.06.2022

Еліміздің бірқатар аймақтарында ауа-райы тосын мінез көрсетіп, нөсер жауын жауып жатса, оңтүстікте аптап ыстық басылмай тұр. Қазгидромет мамандары 10 өңірде дабылды ескерту жариялады. Тіпті кей аймақтарда өрт қаупі жоғары. Өйткені кейбір аймақта төбеден шақырайған күннің температурасы кей өңірде 45 градусқа дейін жеткен. Ал дәрігерлер себепсіз сыртқа жиі шықпауға кеңес береді. 

Түркістан қаласында соңғы 10 күндікте күн шамадан тыс қатты ысыды. Таңғы уақыттың өзінде сынап бағанасы 38 градусты көрсетуде. Аңқаны кептірген аптап ыстықтың кесірінен қарт кісілер үйде отыруға мәжбүр. Ал балалар болса, қаладағы субұрқақтарға шомылып мәз болып жүр. 

Шілде басталмай жатып алқымнан алған аптап ыстықтың кесірінен қалалық емханаға түсіп жатқандар да бар. Олардың басым көпшілігі қарттар мен балалар. Ересектер қан қысымының көтерілу салдарынан, ал балалар іш өтуімен ауруханаға түсетін көрінеді. Бұл орайда дәрігер тұрғындарға суды көбірек ішіп, пайдалы жеміс-жеміс жидек жеуге кеңес берді.

АРДАҚ ШЕНГЕЛОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ РЕАБИЛИТОЛОГ, ПЕДИАТР ДӘРІГЕРІ:

- Күннің аптап ыстығына байланысты тұрғындарға кеңесім, синтетикалық киімдерге қарағанда жеңіл киімдерді киюге кеңес беремін. Өкпе аурулары бар адамдарға өзімен бірге дәрілерін алып жүруге, суды адам ағзасына қажетті, өз салмағына байланысты мөлшерде ішуге кеңес беремін. 

Ал Қазгидромет мамандары 10 өңірде дабылды ескерту жариялады. Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл мен Түркістан облыстарының кей бөліктерінде найзағай ойнап, жауын жаууы мүмкін дейді синоптиктер. 29 маусымда солтүстікте, 30 маусымда шығыста қатты жаңбыр мен бұршақ жауып, жел күшейіп, ауа температурасы аздап төмендеуі ықтимал екен. Ал Түркістанда апта соңында ғана күн райы 32 градусқа дейін төмендейді.