«Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі құлауға шақ тұр. Тарихи кешен маңын жасанды абаттандырудың салдарынан кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопси бастаған». Бұл соңғы кездері ақпарат көздерінде жиі айтылып жүрген пікір. Алайда бұл сөздер шындыққа жанаса ма? Егер тарихи нысанға шынымен де қауіп төнген болса, оны шешудің жолы қандай? Дәл осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында Түркістанда екі күндік халықаралық семинар өз жұмысын бастады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Орта ғасырларда бой көтерген керемет сәулет ескерткіші. Жүздеген жылдар бойы әрін бермеген биіктігі 37 метр болатын тарихи нысан алыстан көз тартады. Ашығын айтқанда Түркістанда да Түркістан етіп тұрған осы ғимарат.
НИЗАМИ ЮСИФОВ, ӘЗІРБАЙЖАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ СӘУЛЕТ КОМИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ СӘУЛЕТ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- 600 жылдан артық уақыт тұрған сәулет өнерінің керемет туындысы. Әлі де осынша уақыт тұратынына сенімдімін. Ғимарат қабырғаларының ылғалдануы мен тұз жиналуы бұл қалыпты құбылыс. Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдайлар өте көп кездеседі. Сондықтан бұдан қорқудың қажет жоқ.
МАВЛЮДА ЮСУПОВА, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АРХИТЕКТУРА ДОКТОРЫ, РЕСТАВРАТОР:
- Тарихи нысан өте жақсы сақталған. Қанағаттанарлық емес, кәдімгідей өте жақсы сақталған. Мынадай зәулім ғимаратта кемшіліктер болмауы мүмкін емес. Оның үстіне бұл кесененің салынғанына 600 жылдан асқанын ескерсек, сәулет өнерінің керемет туындысы қаз-ақлпында тұр десек болады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енген бірегей сәулет ескерткіші. Тарихи нысанды сақтап қалудың жолдарын іздестіру мақсатында семинарға Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінен реставрация, сәулет-құрылыс саласының мамандары қатысуда. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе -кесененің қазіргі таңдағы сақталу жағдайына бақылауды күшейтіп, кесене бөлмелерінің, күмбездерінің, ылғалдану, тұздану, құздану себептерін және оларды шешу жолдарын анықтау.
МАВЛЮДА ЮСУПОВА- ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АРХИТЕКТУРА ДОКТОРЫ, РЕСТАВРАТОР:
- Бұл тарихи ғимарат. Уақытпен қатар оған ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, көптеген басқа да сыртқы факторлар әсер етеді. Кәдімгі үйді алсақ та, оны жақсы жағдайда ұстау үшін жыл сайын жөңдеу керек қой. Сол сияқты тарихи нысандар да уақыт өте келе қалыпқа келтіру жұмыстарын талап етеді.
Тәжірибелі мамандар түркі әлемінің інжу-маржаны-Яссауи кесенесін осы қалпында сақтап қалу үшін арнайы тәжірибелік зерттеулер өткізу керек деп отыр. Айтуларынша, тек содан кейін ғана мәселеге қатысты қандай да бір шешім шығарып, қорытындыға келуге болады.