Суға шомыламын деп 36 адам мерт болды. Оның ішінде он тоғызы жасөспірім. Бұл көрсеткіш осы жылдың 1-маусымынан бері тіркелген. Ал жыл басынан бері 81 адам суға кетті, оның ішінде 32-сі бала. Қайғылы оқиғаға басты себеп – жабдықталмаған жерде суға түсу мен балаларды қараусыз қалдыру. Отыздан астам адам "суға абайсыз құлап" көз жұмса, жиырмасы мас күйінде және балық аулап жүріп қаза тапқан. Маусым айы басталған бері балалар лагерлерінде де тексеріс жұмыстары жүргізіліп, құтқарушы мамандар бекітілді. Төтенше жағдайлар министрлігі шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға жеті айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатынын ескертті.
БАУЫРЖАН СЫЗДЫҚОВ - ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Шомылу маусымы басталғаннан бері ІІМ, әкімдіктер және еріктілермен бірлесіп 9 мың 300-ден астам (9312) патруль мен рейд жүргізілді. Оған 25 мыңға жуық (24 800) адам тартылды. Нәтижесінде 537 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 50 адам құтқарылды, 10-ы бала. Атап айтатын болсақ, ТЖМ қызметкерлері 43 адамды, куәгерлер 5 адамды және полиция қызметкерлері 2 адамды құтқарды.