Сирияға кетіп, «Жусан» операциясымен қайта оралғандарға арналған тимбилдинг. Бұл жиын Түркістан облысының Төлеби ауданында өтті. Екі күндік шарада адасып барып тура жолға түскендерге ұлттық дәстүрлеріміздің түп-төркіні түсіндіріліп, спорттық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылды.
Бұл балалар бұрын әлемді қызылды-жасылды ашық түстермен емес, қарақошқыл, сұрқай-тұманды бояумен бейнелеген. Енді міне, табандылық танытқан 3 жылдық психологиялық, теологиялық және өзге де қолдаулардың арқасында өрендердің жан сарайы ашылған, өмірге деген ойы оңалған. Кезінде Сирия асып, әріп танымай келген балақайлар, қазір математикалық есепті шекілдеуікше шағады.
Соңғы үш жылда Сириядағы сұм соғысқа септесіп, кейіннен арнайы «Жусан операциясы» нәтижесінде елімізге 600-ден аса отандас оралды. Бүгінгі 5 отбасы, яғни 32 адам сол алты жүздің Түркістан облысына тиесілі тұрғындары. Бұл жерлестеріміздің кейбірінің жұбайы Сирияда ажал құшса, жартысы түрмеде жазасын өтеп жатыр. Сұқбат бергісі келмейді. Себебі, кезінде жасаған ағаттықтары үшін өкінеді, қысылады.
Мамандардың пайымынша, арнайы дәрістердің нәтижесі көңіл қуантарлық. Қазір түркістандық бес әйел Ислам дінінің «Әбу-Ханифа» мәзхабы жайлы ақпаратқа қанық, ұлттық дәстүрлерді құрметтейді. Тіпті, байқасаңыз, тұмшаланған қара түсті киімдері де өзгерген. Әлеуметтік жағдайлары жақсы. 3 отбасыға үй берілген. Бір әйелдің тұрақты жұмысы бар.
Табиғат аясындағы тимбилдингтің екінші күні отбасылық сайысқа ұласты. Балалар емен-жарқын көңіл көтеріп, жанұясымен бірге жеңіске жетуге асықты. Шараны ұйымдастырудағы мақсат бір. Балалар жылының аясында оларға жоғары көңіл күй сыйлау. Осылайша, болашағына инвестиция құю.
Сайысқа қатысушылардың ешқайсысы да ұтыссыз қалған жоқ. Бастысы, аталған 5 отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу, сіңіру міндеті орындалды. Айтпақшы, мұндай шаралар бұл жанұялармен жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұған дейін олар Шымкенттегі зообақтарда саяхаттап, жаңарған Түркістанның келбетін де тамашалаған.