Мас күйде көлік айдаған әйел, үйімнің қабырғасын соғып, газ құбырларын бетонымен қоса жұлып әкетті. Түркістан қаласының тұрғыны біздің телеарнаға хабарласып, өз жанайқайын осылай жеткізді. Біраз шығынға батқан Фурхат Умаров кінәлілер жазадан оңай құтылып кете ме деп қорқады. Себебі, қорғаушы зардап келтірген әйел жаза ретінде 20 күн абақтыға қамалса, қаржылай шығын өтелмейді деп отыр.
Фурхат Умаров сол күні болған оқиғаны үреймен еске алады. Айтуынша«Ауди» көлігін тізгіндеген әйел түнгі үште шырт ұйқыда жатқан жанұяның үйіне көлігімен бұзып бір-ақ кірген. Қатты соққыдан үйнің қабырғасы сырылып, газ құбырлары түбімен жұлынып кеткен. Ол болмағанда көлік баспанасын бұзып кетер ме еді дейді. Себебі темір тұлпарды мас күйінде тізгіндеген келіншек қатты жылдамдықпен келіпті.
Келтірілген шығынды өтеуге кінәлі тараптың қауқары жетпейді екен. Көлікті мас күйде, жүргізуші куәлігінсіз жүргізген әйел «3 баланы жалғыз өзім өсіріп отырмын» депті. Бүлінген үй қабырғасы мен газ құбырларын қалпына келтіріп бере алмаймын деп басын ала қашқан. Өзара келісімге келе алмаған соң, үй иесі құзырлы орган қызметкерлерін көмекке шақырған.
Демек соңғы шешім сотта. Ендеше істің ақырын күтуге тура келіп тұр. Дегенмен, бұл іс алдағы уақытта да біздің телеарнаның назарында болады.