Түркістан
EN

Маңғыстаулықтар Түркістанда кітап көрмесін өткізді

311
18.06.2022

Түркістандағы Маңғыстау облысының соңғы күні. Екі тәулікке созылған мерекелік шара барысы екі өңір ақсақалдарының кездесуімен жалғасты. Сондай-ақ маңғаз өлке ақын-жазушыларының кітап көрмесі де ұйымдастырылды.  

Рухани кештің шымылдығы Маңғыстау мен Түркістан ақсақалдарының кездесуімен түрілді. Ақсақалдар жиында ел бірлігі, ұлт болашағы мен екі өңірдің рухани мұрасы мен мәдениетін сөз етті. Бір-біріне сый құрмет көрсетіп, ат терлетіп келген меймандар қонақжайлық танытқан құрдастарына  Бекет ата мешіті бейнеленген картинаны сыйға тартты. 

СЕРІКБАЙ ТӨЛЕТОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Ежелгі тарихты қарайтын болсақ, түркі әлемінің жұлдызы Қожа Ахмет Ясауидің исі мұсылман жұртына жіберген ұстанымы барша елге тарады. Өзі ұстаз болып, одан өскен ізбасарлары яғни, білім алған іні-қарындастары, сонау, Маңғыстаудың жерінде жатыр. Шопан ата деген қасиетті жер бар бізде. Қараман ата деген жер бар. Сол адамдар кезінде Қожа Ахмет Ясауи ілімін алған біздің Маңғыстауға келіп, ислам әлемін елге таратқан.

Сондай ақ, кеште кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Онда Маңғыстау өңірінің барлық саласын қамтитын жиынтықтар, шығармалар қойылған. Атап айтқанда, өңірдің табиғатын, жер асты байлықтарын, экономикасы мен ауылшаруашылығына арналған дүниелер таныстырылды. 

БИБІГҮЛ ҚОЗЫБЕКОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Бұл көрмеде өлкеміздің барлық тарихы шежіреге бай. Сонымен қатар, ақын-жазушыларымыздың да кітаптарын әкеліп қойдық. Барлығы 250-ден астам кітаптар қойылды. Тұрғындардың қызығушылығы өте жоғары. тамашалап, қызықтап, барлық сұрақтар қойып бізден кітаптар сатып алып, оқығысы келіп, танысқысы келетінін айтты. 

Кеш соңы  «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен Маңғыстау өнерпаздарының дәстүрлі  кешімен жалғасты. Осылайша өңір өнерпаздары ұмыт болған ән-жырларды қайта жаңғыртты.