Қаңтар оқиғасына қатысты зерттеу мәңгілікке созылмауы керек. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев Мемлекет басшысына Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда осындай ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, ғалым жаңа Қазақстанда жалған намысты жиып қойып, нақты іске көшуге шақырды.
АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ, ҰҒА АКАДЕМИГІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
- Мәңгілік деген неше жыл, 20-30 жыл ма? Кеше қаңтарда осы сұрақ көлденеңінен қойылды. Көшеге шыққан 20-30-дың арасындағы жастардың 99% қазақ. Бәрі бір кездері мемлекеттік гимнді қойып, менің кезімде айқайлаған жігіттер. Бәрі рухани жаңғырған, бәрі де «Мәңгілік елде тұрып жатсыңдар» дегенді жүз рет естіген жігіттер. Менің ойымша, біз осыдан сабақ алуымыз керек. Бұл оқиғаға қатысты зерттеу жалғасу керек және ол мәңгілік зерттеу болмау керек. Мұның соңында «мынау кінәлі, мынау кінәсіз» деген міндетті түрде ашық айтылуы керек
Саясаткер Әлихан Байменов ең алдымен телеарналарды телекорпорацияларға айналдырып, елдің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту керектігін ескертті. «Еститін мемлекет» концепциясы толық жұмыс жасау үшін халықтың мұң-мұқтажын, датын билікке арыз-шағымсыз жететін құрылтайдан басқа да жүйелер қажет екенін айтты. Сондай-ақ қазақ тілінде заманауи формада ақпарат, білім, әдебиет көздерін қалыптастыру маңызды.
ӘЛИХАН БАЙМЕНОВ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
- Қазақ тарихында ұлы тұлғалардың образын пайдаланатын компьютерлік ойындарға және комикстерге халықаралық бәйге жариялауды ұсынамын. Қазақ сөзі «көрнекті құрал» дейді. Көмек көлемді, құрал заманауи болуы үшін қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтумен қатара, сөздік қорды жүйелі жаңғырту қажет.