Түркістанда Маңғыстау облысының мәдени күндері басталды. 2 күнге жоспарланған бағдарлама аясында мәдени-қоғамдық іс шаралар, рухани кештер, жәрмеңкелер мен көмелер, спорттық сайыстар, ғылыми конференциялар өткізілмек. Сондай-ақ, қос облысқа ортақ жобалардың жайы талқыланатын болады.
Маңғыстау күндері Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университет алаңында «Түркістан облысына Маңғыстаудан тарту» кіші архитектуралық форманың ашылуымен басталды. Ескерткішті Маңғыстау облысының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Сейбағытов Даржок пен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбет ашты. Архитектуралық мүсінде көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың “Түркістан ұқтырар басты тағылым – ел болу, бір болу» деген сөзі жастарға өсиет ретінде жазылған. Салтанатты жиынға қатысқан аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев түркістандықтар мен маңғыстаулықтарды мәдени күндердің ашылуымен құттықтады.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Түркістанға Маңғыстау облысы әкімінің ыстық сәлемін жолдап, бұл сапар ежелгі адамзат өркениетінің озық жетістігі – Ұлы Жібек жолының сан тарамдары кесіп өткен қос аймақтың сауда-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани байланысының жаңа бір деңгейге шығаратынын айтты.
Ұлықбек Тналиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
- Мәдени күндерін өткізудегі басты мақсат – бағзы бабадан бүгінге жеткен осы рухани-мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау, өскелең өрендердің жадында жаңғырту арқылы ұлтжандылық, отаншылдық сана-сезімді ояту.
Түркістандықтар бүгін маңғыстаулық өнер шеберлерінің туындыларын, этнографиялық қойылымдар, қолөнер шеберлерінің ашық жәрмеңкесі , этнографиялық көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай ақ маңғаз өлкенің театр ұжымдары «Балалар жылына» орай түркістандық кішкентай бүлдіршіндерге арнайы бағдарлама ұсынды.
Маңғыстаулықтар түркі жұртының рухани бойтұмарына айналған Түркістан қаласының жұртшылығы назарына «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблінің концертін, Этно мәдени орталығының арнайы бағдарламасын, «Тарбия» сән үйінің киімдер көрсетілімін ұсынбақ! Ал бүгінгі күннің қорытындысы ретінде киелі шаһар халқының «Жорға» халықтық би ансамблі мен күміс көмей әнші Тамара Асардың, маңғыстаулық өнер майталмандарының қатысуымен гала концерт өтпек!